Үммет
January 13, 2020

Намаз бен дүниелік жұмыс

Адам ризыққа қашан да мұқтаж. Сондықтан, ризық табу үшін еңбек етуді құлшылыққа кедергі деп ойлайды. Осылай ойлап сылтау айтпау үшін, Аятта былай дейді: 

«Сендер құлшылық үшін жаралғансыңдар! Өйткені жаратылу мақсатыңыздың өзі құлшылық жасауға негізделген. Ризық табу үшін еңбек ету де Аллаһ Тағаланың әмірі бойынша құлшылық түріне жатады.  Мен жаратып, ризықтандырып отырған өзіңнің, отбасыңның, хайуандарыңның ризықтарын тауып беру үшін жаратылған жоқсыңдар. Өйткені, ризық беруші менмін, Мен Рәззақпын яғни, сендерге жақын жуықтарыңның бәрінің ризығын Мен беріп отырмын. Сендер осыны сылтауратып, құлшылықтарыңды тәрк етпеңдер» дейді. 

Егер аятта бұл мағына болмаса Хақ Тағалаға ризық беру, Оны асырау мүмкін емес екендігі ап-анық, мәлім нәрсе болғандықтан анық нәрсені тағы да анықтау әрине артық болады. Сөйлеу және тіл өнеріндегі шешендіктің мынадай бір нақты қағидасы бар: 

Егер сөздің мағынасы мәлім, ап-анық болса айтылғалы тұрған ой ол емес, басқа бір астарлы мағынасы болғаны.

 Мысалға, сен біреуге:

 «Сен, Құранды жаттаған адамсың, қарисың!» десең, ондағы сөздің төркіні, мақсат мұраты: «мен сенің қари екеніңді біліп отырмын, менің мұны білетіндігімді білмеген соң айтып отырмын» деген сөз. Міне, осы қағида бойынша: Аллаһқа ризық беріп, асыраудың керегі жоқ дегеннің мағынасы былай: Маған қатысты және ризық несібесін өзім беріп отырған жаратқандарымның ризығын беру үшін жаратылған жоқсыңдар! Сендердің басты міндеттерің құлшылық ету. Әмірімді орындап ризық табу үшін еңбек ету, ол да құлшылық саналады.

 Ұстазымыздың діни парыздарын орындап жүргендердің бұ дүниелік жұмыстарының да құлшылық болып саналатынына байланысты айтқан сабақтарынан бірнеше мысал; 

1. Бір күні Ұстаз Бәдиүззаман Саид Нұрсимен бірге Ескішеһирде «Иылдыз» қонақ үйінде отыр едік. Қант зауытынан келген ұста мен жанындағы бірнеше жұмысшыға былай деді: «Сендер парыз намаздарыңды оқитын болсаңдар, фабрикадағы бүкіл жұмыстарың құлшылық болып саналады. Өйткені сендер халыққа өте қажет өнім өндіру арқылы сауапты қызмет атқарып жатырсыңдар. 

2. Тағы бірде Эгрідір жолының бойында кітап оқып отыр едік. Темір жолда жұмыс істейтін бір кісі келді. Ұстаз оған да: Парыздарды орындап, үлкен күнәлардан аулақ болсаң, басқа жұмыстарыңның бәрі де құлшылық болып саналады. Он сағаттық жолды бір сағатқа қысқартып жіберетін темір жолда жұмыс істегендіктен мұсылмандарға, жалпы  жұртқа көрсеткен қызметің босқа кетпейді, мәңгі өмірде бақытқа бөленуіңе себеп болуы мүмкін, деген еді. 

3. Бір күні Ескішеһирде ұшқыштар мен офицерлерге де жоғарыдағыларға ұқсас сабақ берген еді. «Бұл ұшақтар бір күні Ислам жолында көп қызмет атқаратын болады. Парыз намаздарыңды өтесеңдер, оқи алмай қалған намаздарыңның қазасын өтесеңдер, сендер әскери адамсыңдар, сондықтан әр сағаттарың он сағаттық құлшылық, әсіресе әуе күштеріндегі қызметтің бір сағатына отыз сағаттық құлшылықтың сауабы жазылар. Бірақ, жүректеріңде Иман нұры болсын және сол Иманның талабы болған Намазды оқуларың керек. 

4. Сондай-ақ, Барлада, Спартада, Эгрідірде малшыларға да «Мал бағу да құлшылық, тіпті, көптеген Пайғамбарлар мал баққан». Бірақ сендер парыз намаздарыңды өтеңдер, сонда бұл істерің де Аллаһ жолындағы құлшылыққа айналады, деген еді.

Қорытынды;

Мына бақтан шыққан жемістерді мал­жан, құртқұмырсқа, тұтынушы тiптi ұры, кім жесе де садақа болып есептеледi. Алайда мұның шарты бар, егер сен бұларды Рәззақ­ы Хақиқидiң атымен атқарып, оның рұқсат берген шариғатымен жүрсең, әрi оның мүлкiн өзiнiң мақұлықтарына таратушы екенiңдi мойындасаң ғана. 

Сонымен, намаз оқудан қашқан адам, орасан зиян шегiп, мол байлықтан мақұрым қалады. Ондай адамдар еңбекке деген ынтасын арттыратын, көңiлiн демеп, күш­қуат беретiн жоғарыда аталған таптырмайтын екi пайда көзінен мақұрым қалып, әбден шөгедi. Жасы ұлғайған сайын: "Керегi не, қартайдым. Мен ақыры өлемiн. Босқа әуре болып, несіне шаршайын" дейдi де, бау салып, күтiп­баптамай жалқауланып жатып алады. 

Ал, әуелгi адам болса: "Көп құлшылық жасап, адал көп еңбек етейін. Мол сауап жинап қабiрiмде нұр, ақыретте азық болсын" – дейдi.

"Ей, нәпсi! Бiлiп қой! Кешегi күн қолыңнан шықты, кеттi. Ал, ертеңгi күнге жететiнiңе қолыңда кепiлдiк жоқ. Олай болса, нағыз өмiр бүгiнiм деп бiл. Әр күніңнiң ең болмағанда бiр сағатын ықтияттап келешек сын сәттерде қажетті қаражатым деп, соған арна, оны ақыреттiң сандығы секiлденген мешiтке немесе жайнамазға жұмса! Есiңде болсын, арайлап атқан әрбiр таң – саған және баршаға жаңа күн, жаңа әлемнiң есiгi. Егер намаз оқымасаң, сенiң ол күнгi әлемiң тас қараңғы болып өкiнiшпен өте шығады. Ертең мысал әлемінде сенi жамандап, куәгер ретінде, қарсы шығатын болады. Өйткенi, әр адамға күн сайын мына әлемнен алатын өзiне тән әлем бұйырады. Ол әлемнiң жәй­күйi пенденің көңiл күйiне, жасайтын амалына байланысты.