Үммет
February 4, 2020

Тасаввуф(Сопылық)

Тариқат деген не?

Тариқаттың түп мақсаты Аллаһты танып білу. Иман ақиқаттарының жан-жақты түсіндірілуі және Пайғамбарымыз Мұхаммед (С.А.У) ның миғражы саясында, қалб (жүрек) арқылы рухани самғаудың нәтижесінде Иман, Құран ақиқаттарын көзбен көргендей болып, көңіл шаттығына, ерекше сезімдерге бөлену. «Тариқат», «сопылық» деп аталатын асқақ имани сыр және адамның кемелденуі.

Адам мына ғаламның жиынтық мазмұны болғандықтан адамның жүрегі мыңдаған әлемдердің рухани картасы іспетті. Адамның басындағы ми – көптеген сымсыз телеграф, телефондардың түйіскен орталығы және ғаламның өзіндік бір рухани орталығы екенін адамзаттың ғылыми жетістіктері көрсетіп отыр. Адамның өн бойындағы қалб (жүрек) те, әлемнің көптеген ақиқаттарының айнасы, дәні, дәнекері екендігін сансыз әулиелер жазған миллиондаған нұрлы кітаптар көрсетіп беруде.

Сонымен, адамның жүрегі мен миы әлгіндей орталық. Олай болса, алып ағаштың бүкіл болмысын сақтап тұрған дән. Және мәңгілік, ақыреттік ғаламат құрылғының құрал жабдықтары, тетіктері соның ішіне орналастырылған. Әрине, сол жүректі осылай жаратқан Жаратушы, оның өн бойындағы қабілеттерінің ашыла түсуін, іс атқаруын қалайды. Сондай қалау болған соң, ол жүрек те ақыл сияқты іс атқаратын болады. Жүректің жұмыс атқаруын қамтамасыз ететін ең мықты дәнекер, әулиелік дәрежелердегі зікір мен тариқат жолы арқылы Иман ақиқаттарына бет бұру.

Жүректің рухани самғауы мен рухани әрекеттердің кілттері мен дәнекері Иләһи зікір мен тәфәккүр. (Әлемге зер сала қарау, ой толғау). Мұндай зікір мен пікірдің игіліктерін санап бітіре алмайсың. Шексіз ақыреттік пайдалар мен адами кемелдіктерді айтпағанның өзінде, тек мына аумалы төкпелі бұл дүниелік тіршілікке қатысты кішкене бір пайдасы мынау: Кез келген адам тіршіліктің у-шуынан, тұрмыс тауқыметінен бір ауық құтылғысы келеді. Демалысты, жан тыныштығын іздейді. Уайымнан құтылып, көңіл көтергісі келеді. Мәдениеттің қол жеткізген ойын сауықтары он адамның бір екеуіне ғана мастық пен бейқамдыққа бой алдыру арқылы уақытша көңілін аулап, тыныш тапқызады. Ал, жүзде сексені тіршілік тауқыметін тартып, тыным таппай жан жақта жүр. Қоғамдық өмірден қол үзіп, тау таста жалғыз өмір сүріп жатқандар да бар. Қиыншылықтар мен қарттық секілді ақыретті еске салатын жағдайлар қоғамдық ойын сауықтардан мақұрым қалдырған. Бұл нәрселер оларға қызық емес. Жұбаныш бермейді.

Ондай жандардың шынайы жұбаныштары, нағыз жан рахаты, алар ләззаты зікір мен пікір арқылы жүректі іске қосу. Тау таста, оңаша жерлерде жан дүниесіне ден қойып, «Аллаһ» дейді. Жаны жай табады. Айналасындағы үрей туғызар нәрселерді бауырмал, күлімсіреген күйде көреді. «Зікір етіп жүрген Жаратушымның барлық жерде сансыз құлдары бар. Олар қорқынышты болып көрінген мына жерлерде де көп, мен жалғыз емеспін. Үрейленіп қорқудың мағынасы жоқ» деп, иманға толы жүрегі рахатқа бөленіп, өмірден толық ләззат алады. Өмірдегі бақыттың мағынасын түсініп, Аллаһқа шүкір етеді.

Тариқаттың діни, ақыреттік, рухани, маңызды да қымбат көптеген нәтижелерін былай қойғанның өзінде, мұсылмандар арасындағы киелі байланыс болған бауырластықтың дамуы мен нығаюына ең әсерлі, ең негізгі дәнекер сол тариқаттар. Сондай-ақ, кәпірлер мен христиандық саясаттың Ислам нұрын сөндіру үшін жасап жатқан сұмдық шабуылдарына қарсы тұрар маңызы зор, мызғымас үш Ислами қамалдың біреуі осы тариқат. Халифаттың орталығы болған Стамбулды бес жүз елу жыл бойы бүкіл христиан әлемінің шабуылынан қорғаған, Стамбулдағы бес жүз жерден жарқыраған тәухид нұрлары мен сол Ислам орталығындағы мұсылмандардың арқа сүйер маңызды күші – сол үлкен мешіттердің ауласындағы теккелердегі «Аллаһ, Аллаһ» дегендердің иман күші. Және Аллаһты танып білген сайын арта түсетін мұсылмандар арасындағы рухани махаббаттары мен жан тебіреністері.

Cұрақ: Сүннет пен Шариғат үкімдерінен тыс тариқат болуы мүмкін бе? – деп сұрақ қоюда.

Жауап: Бар деуге де, жоқ деуге де болады. Бар дейміз. Өйткені, кейбір кәміл әулиелер Шариғат қылышымен шабылды. Жоқ дейміз.

Яғни, Ардақты Пайғамбарымыздың (С.А.У) даңғыл жолынан тыс және соның ізімен жүрмеген жанның нағыз ақиқат нұрына қол жеткізуі мүмкін емес. Бұл мәселенің сыры мынада. Ардақты Пайғамбарымыз (С.А.У) Хатамул Әнбия (Ең соңғы Пайғамбар). Сондайақ Аллаһ бүкіл адамзатқа өз сөзін сол Кісі арқылы жеткізіп тұр. Ендеше, адамзат Оның даңғыл жолынан тыс кете алмайды. Және Соның байрағының астында болуы шарт. Сондай-ақ, транстық жағдайдағы бір адам өзінің қайшылықты әрекеттері мен сөздері үшін жауапты емес. Һәм адамда кейбір нәзік сезімдер бар, шектеуге келмейді. Сол сезім қозған кезде Шариғатқа қарсы келді деп жауапқа тартылмайды. Адамдағы ондай сезімдер шектеуге де келмей, ерікке бағынбай, тіпті ақылға да құлақ аспай кетеді. Жүректі де ақылды да тыңдамайды. Ондай сезім қозған кезде (сол уақытқа ғана тән) ол адам шариғатқа қайшы келуімен дүниелік дәрежеден түсіп қалмайды, үзірлі боп саналады. Бірақ, бір шарты бар. Шариғаттың ақиқаттары мен Иманның шарттарына қарсы шығып жоққа шығаруға, менсінбеуге, мазақ етуге болмайды. Үкімдерді орындамаса да оларды дұрыс деп мойындау керек. Әйтпесе, әлгі сезімдерге беріліп (Аллаһ сақтасын) Шариғаттың берік үкімдеріне қарсы келіп, оларды жоққа шығаруды меңзейтін жағдайда жүру, құлдыраудың белгісі.

Түйін: Шариғат шеңберінің сыртына шығып кететін тариқатшылар екі түрлі болады.

Біріншісі: (Жоғарыда айтылғандай) транстық жағдайға, белгілі бір күйге бой алдырады не болмаса адамның еркі мен ықтиярын тыңдамай кететін нәзік сезімдердің жетегінде шариғат шеңберінен шығып кетеді. Бірақ, бұл шариғаттың үкімдерін жақтырмау, оларды қаламау емес. Бәлкім, ықтиярсыз жағдайда тәрк етуге мәжбүр қалады. Мұндай әулиелер бар. Кейбір атақты әулиелер де уақытша бұлардың арасында болған. Кейбір ақиқатшыл әулиелер мұндайлардың тек қана Шариғат шеңберінен емес, тіпті Ислам шеңберінен шығып кетті деп шығарған. Бірақ, бір шарты бар. Мұхаммедтің (С.А.У) жеткізген үкімдерінің ешқайсысын жоққа шығармауы керек. Оларды ойламай, қызықпай, біле алмай, білмей жүруі мүмкін. Біле тұра қабыл етпесе болмайды.

Екінші түрі. Тариқат пен ақиқаттың ләззатына беріліп, бұлардан әлдеқайда жоғары тұрған шариғи ақиқаттардың ләззатына қол жеткізе алмағандықтан , ләззаты жоқ ресми бір нәрсе деп ойлап оған селқос қарайды. Барған сайын шариғатты сыртқы бір қабық деп ойлайды. Қол жеткізген ақиқатын ең негізгі мақсат деп ойлайды. «Менің тапқаным осы, мен үшін осы жеткілікті» дейді. Шариғат үкімдеріне қайшы келетін әрекеттер жасайды. Бұлардың арасында ақылынан ажыраспағандар жауапқа тартылады. Олар құрдымға кетіп барады. Тіпті, біразы шайтанға масқара болуда.


29-мектуб,9-бөлімі