Мейірімділік және Ана
Рисалей-Нұрдың негізгі мәселелерінің ең бастысы – мейiрiмдiлiк. Сондықтан, әйел қауымында, яғни мейірімділік қаһармандары арасында, Рисалей-Нұрға деген қызығушылық әлдеқайда басым. Құдайға шүкір, бұл фытри (жаратылысына тән) қызығушылық көп жерде байқалуда. Бұл мейірімділіктегі бүкпесіз жанкештілік, шынайы ыстық ықылас пен ақы талап етпейтін риясыз адалдықтан туатындықтан мына заманда оның маңызы өте зор.
Иә, бір ана баласын қауіптен құтқару үшін ешбір ақы сұрамай-ақ жанын пида етуге бар. Бұл істі аналық жүрегінің шынайы ықыласымен атқаруы, баласы үшін құрбан болуы, әйел затында үлкен қаһармандық бар екенінiң дәлелi. Осы қаһармандықты шыңдау арқылы бұл дүниелік және ақыреттік өмірін сақтай алады. Бірақ, кейбір жағымсыз ықпалдардың кесірінен әлгі күштi де құнды қасиет тоқырауға ұшырайды немесе бұрыс жолға қолданылады. Мұның жүздеген мысалдарынан біреуін айтар болсақ: Әлгiндей мейірбан ана “балам дүниелік өмірде қиыншылық көрмесін” деп қолынан келгенін аямайды. Өліп-өшіп тәрбиелейді. Балам әкім болсын деп барын салады. Қари дайындайтын медреседен шығарып алып, Еуропаға жібереді. Бірақ, баласының о дүниелік өміріне қауіп төнетінін ойламайды. Бұл дүниелік азаптан құтқаруға тырысады, бiрақ Жаһаннам азабына душар болатынын ескермейді. Фытри мейірімділiкке қайшы әрекет етіп, әлгі бейкүнә баласын ақыретте шапағатшы етудің орнына басына бәле етiп алады. Бала ертең ақыретте “неге менің иманымды арттырмай, мына пәлеге ұшырауыма себеп болдың?” – деп шағымданатын болады. Сондай-ақ, фәни дүниеде Ислам тәрбиесін санасына толық сiңiрмегендiктен, әлгiндей бала анасының шексiз мейріміне лайықты баға бере алмай, көптеген ағаттық жасайды.
Егер шынайы мейірімділікті дұрыс пайдаланып, сол арқылы бейшара баласын мәңгілік азап болып табылатын Тозақтан, теріс жолда жүріп мәңгілік қамалудан құтқаруға тырысса, баланың жасаған жақсылықтарының бірқатары анасының да амал дәптеріне жазылып, анасы қайтыс болған соң да әрдайым рухына нұр құяды. Ақыретте анасының үстінен арыз айтып, шағымданушы емес, керісінше жан-тәнімен шапағатшы болып, о дүниедегі мәңгі өмірде оған мүбарак перзент болып қайта беріледі.
Иә, адамның алғашқы ұстазы, ықпал етуші мұғалімі – оның анасы. Осыған орай әрдайым кездесетiн нақты бір мәселені баяндап берейін.
Сексен жылдық өмірімде сексен мың кісіден сабақ алсам да, Құдай ақы, мен үшін әрдайым ең негізгі сабақ – анамның айтқан сөздері мен ескертулері, оның мағынауи дәрістері. Олар тасқа жазылған жазулар тәрізді, жадыма сіңіп қалған. Басқа дәріс-сабақтар сол іргетасқа қаланған деп білемін. Демек, марқұм анамның жас күнімде көкірегіме сіңірген, көңіліме тоқыған дәрістері мен ескертулері сексен жасыма дейінгі үйренген ұлы ақиқаттардың іргетасы.
Мен таңдаған жолдағы төрт негіздің бірі және ең бастысы – мейiрiмдiлік. Сондай-ақ, РисалейНұрдың да басты ақиқаты жанашырлық пен мейірімділік. Осы қасиеттерді анамның қамқор ісәрекетінен, көңіл-күйінен, мағынауи дәрістерінен алғандығыма ешбір күмән жоқ.
Иә, осындай шынайы ықыласты, нағыз жанкешті аналық мейірімді терiс пайдаланып, бейкүнә баланың алмас қоры сияқты ақыретін ескермей, пәк назарын, болмысын өткінші, фәни, шыны тәріздес дүниеге аудару әрине, әлгі мейірімділік атты биiк қасиетті бұрмалау болып шығады. Ананың мейірімділікке қатысты қаһармандығы керемет. Ешқандай пайда көздемей, ақысыз, жауап та күтпей, шын көңілімен жанын пида етуіне тауықтың балапанын құтқару үшін арыстанға айбат шеге шабуылдап, жанын пида етуі мысал бола алады.
Қазір Ислам тәрбиесінің және ақыреттік амалдардың ең құндысы, ең басты өзегі – ықылас. Мейірімділікке қатысты қаһармандықта шынайы ықылас та болады. Егер осы екі негіз сол мүбарак қауымда өркендесе, Ислам әлемінде орасан зор табыстың қайнар көзi болар еді.
Ер адамдардағы қаһармандық ақысыз бола алмайды. Тіпті жүз есе ақы сұрайды. Ең болмағанда атақ-даңқын шығарғысы келеді. Бірақ, өкінішке орай, бейшара, мүбарак әйел қауымы залым еркектердің шерінен, олардың қанауынан құтылу үшін әлсіздік пен шарасыздықтан көзбояушылыққа, екі жүзділікке салынады.
24-лема,1-нүкте