Адам
October 20, 2021

Ихсан деген не?

Адам баласы бүкіл әлемді Жаратушы Аллаhқа шексіз
сүйіспеншілікте болу үшін жаратылған. Өйткені оның бойында Жамалға
(Әсемдікке) деген ынтызарлық, кемелдікке деген құштарлық және ихсанға,
яғни жарылқануға, сыйлануға деген құмарлық бар. Енді, Жамал, Кәмал
және Ихсанның дәрежесіне қарай әлгі сүйіспеншілік те арта бермек. Ол
ғашықтықтың шыңына дейін барады. Әрі мына кішкене адам баласының
шағын жүрегіне аса үлкен ғашықтық сезімі берілген. Иә, жүректің тарыдай
ғана сандықшасы тәрізді Қууа-и Хафыза (есте сақтау қабілеті) бейне бір
кітапхана секілді мындаған кітапты қамтуы, адамның жүрегі бүкіл Әлемді
қамти алатынын және соншалықты ынтызарлықпен сүйе алатындығын
көрсетеді.
Иә, адамзаттың Ихсан, Жамал және Кәмалға шексіз ынтызарлықпен
сүйе алатыны рас. Бұл әлемді жаратқан Аллаhтың жарату істерінен анық
байқалатын шексіз де пәк жамалы бар. Әрі болмыс атаулыда көрініп тұрған
шексіз кемелдігі бар. Бүкіл тіршілік иелеріне беріліп жатқан неше түрлі
ихсандар мен нығметке бөлеулер арқылы анық көрініп тұрған шексіз ихсан,
жарылқауы бар. Олай болса, әлбетте, саналы жандардың ең күрделісі, аса
мұқтажы әрі өте зерек, тым құштар болып табылатын адамзаттан Аллаhу
Тағаланың шексіз сүйіспеншілік талап етуі өте орынды.
Рас, әрбір адам Халиқ-ы Зүлжелалға шексіз сүйіспеншілік етуге бейім. Әрі
Аллаh та бәрінен бұрын өзінің Жамал, Кәмал мен Ихсанына сүйіспеншілік
білдіруге өте лайық. Тіпті, мүминнің өз өміріне, мәнгі жасауға, болмысына,
дүниесіне, өзіне, қоршаған ортаға деген сан алуан сүйіспеншілігі оларға алаңдауы сол Иләhи сүйіспеншіліктің ұшқындары. Тіпті, адам бойындағы
әртүрлі күшті сезімдер сол сүйіспеншілікке бейімділігін көрсететін, бірақ
өзгеріске ұшыраған, басқа түрге енген тамшылары. Адам өз бақытына
қуанып қана қоймай, айналасындағы сүйіктілерінің бақытынан да ләззат
алып қуанатындығы мәлім. Өзін бәледен құтқарғанды жақсы көрумен
қатар, сүйген жандарын құтқарғанды да жақсы көреді.
Міне, осы рухани сезімге сүйене отырып, егер Адам бүкіл адамзатқа
Аллаhтың Ихсан (сыйлық) беретіндігін, оларды жарылқайтынын ойлап,
"Менің Жаратушы Ием, тас қараңғы жоқтан құтқарып бар қылды да,
мына дүниеде жарық өмір сыйлады. Ажалым жеткен кезде де мәңгі жоқ
болудан құтқарып, бақи әлемде мәңгі, тамаша әлем сыйлайтын болады.
Сол әлемнің түрлі ләззаттары мен әсемдіктерінен пайдалануым үшін ішкі,
сыртқы сезімдер береді. Сонымен қатар менің өте жақсы көрген, өзара
тығыз байланыста болған туған-туыстарымды, сүйікті жандарымды да
сан-алуан ихсандармен жарылқайды. Ал бұл жақсылық маған да жасалған
болып есептеледі. Өйткені мен олардың бақыты мен қуанышына ортақпын.
"Адам сыйлағанның құлы" дегендей, әркім
өзіне ілтипат қылғанды, сыйлағанды жақсы көретіні рас. Олай болса,
бүкіл әлемдей жүрегім болса, әлбетте, маған жасалған мұнша шексіз де
соңсыз жарылқауға қарыздар болып, махаббат қылып, мәңгі сүйіп өтер
едім. Мен мұны іс жүзінде орындай алмасам да, ниетіммен, иманыммен,
бейімділігіммен, соны қабылдау арқылы, оны жоғары бағалап, құштар болу
түрінде жасаймын".
Енді, Жамал мен Кемелдікке деген сүйіспеншіліктің қалай болатынын
осы аталған ихсанға деген сүйіспеншілікпен салыстыр. Ал, кәпір
имансыздығы арқылы бұларға қас дұшпан. Тіпті, бүкіл әлемге, болмыс
атаулыға зұлымдық, зорлық жасағысы келіп, өшпендік қылады.