Үммет
November 23, 2019

Қанағат туралы

Халиқ-ы Рахим адам баласына берген нығметтерінің ақысы ретінде шүкір етуді сұрайды. Ысырап болса шүкіршілікке қарама-қайшы нәрсе және нығметті менсінбеушілік әрі зиянды. Үнемділік болса, нығметті құрметтеу және өте пайдалы.

Иә, үнемдеу дегеніміз мағынауи (рухани) шүкір ету һәм нығметтегі Аллаһтың рахымына деген құрмет, берекенің, бұлағы және диета секілді денсаулыққа пайдасы зор амал. Сондай-ақ ол адамды рухани қайыршылықтан құтқарады, ар намысты сақтап қалады. Нығметтерден ләззат алуға және ләззатсыз көрінген нығметтердің ләззатын алуға бірден-бір себеп. Ысырап қылу осы хикметтерге қарама-қайшы болғандықтан жағымсыз нәтижелерге жол ашады.

Фатыр-ы Хаким адам денесін кемелдіктің ең жоғарғы сатысындағы сарай тәріздес немесе мұнтаздай сәулетті қала секілді жаратқан. Ауыздағы дәм тату сезімі қаланың кіре берісіндегі қарауыл, ал тамырлар мен жүйке тамырлары болса телефон, телеграф желілері секілді байланыс құралдары. Дәм тату сезімі дененің орталығымен яғни асқазанмен тығыз байланыста. Ол ауызға салынған зат жайлы ақпаратты әлгі жүйке тамыралары арқылы хабарлап отырады. Денеге қажетсіз болса "болмайды!" деп сыртқа шығарып тастайды. Кейде денеге пайдасыз болуымен қатар зиянды немесе ащы болса бірден сыртқа түкіріп жібереді.

Бұл заманда ысырапқа себеп болатын ақша өте қымбатқа түседі. Ақысына кейде ар-намыс пара ретінде берілсе, тіпті кейде орнына діни қасиетті қағидалар құрбан боп жатады. Сосын әлгі лас ақша беріледі. Демек, рухани мың теңгелік зиян шегіп, бір теңгелік (заттық) пайда көреді.

Хақиқи (нағыз) рызық. Бұл, тіршілікке қажетті рызық. Аяттың үкімі бойынша мұндай рызыққа Аллаһ кепілдік береді. Адамдардың арам пиғылы араласпаса, ол әрқашан табылады. Ол үшін дінін де, намысын да, абыройын да түсірудің керегі жоқ.

Мәджази (астарлы) рызық. Бұл, аса қажетті болмаса да орынсыз пайдалану себепті аса қажетті нәрсе сияқты және әдет деген бәленің кесірінен міндетті түрде керек болып, онсыз мүмкін еместей көрінетін рызық. Міне, бұл рызық Аллаһтың кепілдігінде емес. Сондықтан мұны табу, әсіресе мына заманда, тым қымбатқа түсіп отыр. Әуелі абырой кетеді, сосын қорлыққа көнеді. Кейде оңбаған адамдардың табанын жалағандай моральдық тұрғыдан төмендетіп, тіпті кейде мәңгі өмірдің шамшырағы, қасиетті діннің ұлы қағидалары жайына қалып әлгі берекесіз, сасық нәрсені алып жатады. Әрі бүгінгідей жоқшылықтың қыспағына түскен заманда, аш әрі мұқтаж жандардың қайғы-қасіреті, ар-намысты жандардың адамгершілік сезімін қоздырған кезеңде, әлгіндей заңсыз, қисық жолмен тапқан табыстан татқан ләззат әлгіндей ар-намысты жандарда мән-мағынасын жойып, мазасын қашырады. Мұндай аласапыран заманда, күмәнді заттарды мәжбүр болғанда ғана және қажетті мөлшерде ғана пайдаланып қанағат ету керек.


үнемділік рисалесі