Ата-ана ақысы
بِسْمِ اللّٰهِ الرَّحْمٰنِ الرَّح۪يمِ
23) Раббың, өзіне ғана ғибадат етулеріңді, әке-шешеге жақсылық қылуларыңды әмір етті. Ал егер ол екеуінің бірі немесе екеуі де жандарыңда кәрілікке жетсе: “Түһ” деме (кейіс білдірме). Сондай-ақ ол екеуін зекіме де, ол екеуіне сыпайы сөз сөйле.
(24) Ол екеуіне кішірейіп мәрхамет құшағын жай да: “Раббым! Ол екеуі мені кішкентайда тәрбиелегендей Сен де оларды мәхаметіңе бөлей көр!”,-де.
(25) Раббыларың іштеріңдегі нәрселерді жақсы біледі. Егер игілерден болсаңдар, негізінде Алла, бойсұнушыларды жарылқайды.
/Исра, 17/
Ей, күнкөріс қамымен жүрген пенде!
Бір аятта, бес мәрте, қайта-қайта, қартайған ата-анаға жанашырлықпен қарауды бұйырған. Дүниедегі анық бір ақиқат, ата-ананың балаларына деген мейірбандығы. Олардың сол мейіріміне жауап ретінде балаларының оларға құрмет көрсетуі ең жоғарғы заңдылық болып саналады. Өйткені олар, өз өмірлерін балаларының қамы үшін сарп етеді.
Ендеше, адамгершілігі жоғалмаған және жыртқышқа айналмаған әрбір перзент, сол пәк жанкештілерге құрмет көрсетіп, шын жүректен қызмет етіп, ризалықтарын алып, көңілдерін шаттыққа бөлеуі тиіс. Әкенің аға-інілері мен апа-қарындастары – әке есебінде, ананың апа-сіңілері мен аға-інілері – ана есебінде болады.
Міне, сол аяулы қарттарды ауырсынып, оларға өлім тілеу, қандай арсыздық екенін біл, есіңді жи! Өз өмірін сенің жолыңда пида еткен жанкештінің өмірден өтуін тілеу, қаншалықты жиіркенішті зұлымдық, ұятсыздық екендігін түсін...
Расында сенің үйіңдегі берекеттің тірегі, мейрімнің бұлағы және бәлекетті аластаушы, үйіңдегі сол сен ауырсынған қарт, немесе зағиб туысқаның екенін біл! «Күн көрісім нашар, асырай алмаймын...» деуші болма. Өйткені, солардың арқасында келген берекет болмаса, сенің күнкөрісің онан бетер нашарлап кетер еді. Бұл шындық. Сөзіме сен. Бұның көптеген нақты дәлелдерін білемін, сені де сендіре аламын. Бірақ көп сөйлемеу үшін қысқа қайырамын. Осы сөзіме тоқта. Ант етемін, бұл нағыз ақиқат. Тіпті нәпсім мен шәйтан да бұған қарсы тәслім болған. Нәпсімнің қырсықтығын сындырып, шәйтанның үнін өшірген бір ақиқат саған қанағат беруі керек.
Ғалам куә Аса Рахман, Рахим және Латиф, Кәрим Халиқ-ы Зүлжәлал-і Уәликрам, сәбилерді дүниеге жіберген кезде, олардың артынан ризықтарын да ғажайып түрде жібереді. Аналарының бұлақтай омырауларынан ауыздарына сүт ағызғаны іспетті, балаға ұқсап қалған және сәбилерден де артық мейірімге лайық, жанашырлыққа мұқтаж қарттардың ризықтарын да, берекетті, түрде жібереді. Олардың күнкөрістерін, ашкөз және сараң адамдарға жүктемейді.
Ендеше жаратылыстардың ең қадірлісі болған адам, және адамдардың ең сыйлысы болған әлсіз, науқас қарттар, және мейірім мен қызметке ең лайық, әрі оған құқы да бар жақын туысқандар, олардың ішіндегі ең абзал, ең сыйлы атаана қартайған кезінде өз баласының үйінде болса, қаншалықты дәрежеде берекеттің себебі, мейірімнің дәнекері болатындығы анық.
«Белі бүкірейген қарттарыңыз болмаса, төбелеріңе таудай бәлелер сел құсап төгілер еді» деген хадистің сыры бойынша қарттардың қаншалықты дәрежеде қиыншылықтарды аластаушы екендігін салыстыра бер.
Ей пенде! Ақылға кел! Егер сен өлмесең, қартаясың...
Сен ата-анаңа құрмет етпесең, сенің балаларың да саған қызмет етпейтін болады. Егер ақыреттегі жағдайыңның жақсы болғандығын қаласаң, қымбат қазынаға, зор байлыққа кенелуді армандасаң, ата-анаңа қызмет ет, ризашылықтарын ал. Егер дүниені жақсы көретін болсаң да, соларды қуант. Осылайша солардың арқасында өмірің рахатпен, ризығың берекелі өтеді. Әйтпесе, оларды масыл көру, өлімдерін тілеу және олардың тез мұңайып қалатын көңілдерін түсіру арқылы خَسِرَ الدُّنْيَا وَ اْلاٰخِرَةَ сырына ұрынасың. Егер Рахманның мейірімін қаласаң, сол Рахманның саған берген және сенің үйіңдегі аманаттарына мейіріммен қара.
21-мектуб