Ислам ақиқаттарының бүкіл әлемге толық жайылып кетуіне мұрша бермей тұрған 8 түрлі кедергі
Ей, мына Әмәуи мешітінде отырған бауырларым және Ислам әлемі атты алып мешіттегі туысқандарым!
Сіздер де ғибрат алыңыздар. Соңғы қырық бес жылдағы оқиғалардан ғибрат
алыңыздар. Өздерін ақылды, зиялы қауым өкілдеріміз деп санайтын
жандар естеріңді жиыңдар. Әңгіменің тоқ етері: Біз Құраннан дәріс
алушы мұсылмандар дәлелдерді мойындаймыз. Иман ақиқаттарын
ақыл-ойымызбен, жүрегімізбен қабылдай отырып, соған
мойынсұнамыз. Басқа діндегілер секілді дінбасыларға еру үшін
дәлелдерді жоққа шығармаймыз. Болашақта адамзат ақыл мен ілімнің
соңынан еретін болады. Сол кезде, барлық үкімдері ақылға үйлесімді
түрде орнығатын қасиетті Құран билік жүргізетін болады. Сондай-
ақ, Исламият таңының атуына және адамзатқа сәуле шашуына
кедергі болар перделер де ашыла бастады. Кедергі келтірушілер де
кейін шегінуде. Осы уақытқа дейін Ислам ақиқаттарының бүкіл
әлемге толық жайылып кетуіне мұрша бермей тұрған сегіз түрлі
кедергі бар еді.
Бірінші, екінші, үшінші кедергілер. Еуропалықтардың
надандығы мен жабайылығы және өз діндері жолындағы фанатизм.
Мәдениет пен оқу-ағартудың игіліктерінің арқасында бұл үш
кедергінің көбесі сөгіліп, ыдырап келеді.
Төртінші, бесінші кедергілер: Дінбасылар мен рухани
көсемдердің диктатуралық биліктері және еуропалықтардың соқыр
сеніммен соларға еруі. Бұл екі кедергі де адамзаттың санасында
ақиқатты іздеу, азаттық идеяларының тууы арқылы қирауға жақын
қалды.
Алтыншы, жетінші кедергілер: Біздегі бас-басына би болу мен
шариғатқа қайшы келетін әрекеттерден туындайтын нашар мінез
кедергі болуда. Қазір диктатуралық билік жойылды және отыз-қырық
жылдан кейін кландық топтардың билеп-төстеуі де жойылады.
Халықтың Ислам жолындағы күш-қайратының артуы және нашар
мінез, жаман қылықтардың тудырар нәтижелері батпаққа батырар
тұйық екендігі көрінгеннен кейін, бұл екі кедергі де жойылуға
жақындап келеді. Иншааллаһ, тып-типыл жойылатын болады.
Сегізінші кедергі: Жаңа ғылыми жетістіктер, кейбір мәселелер
бойынша Ислам ақиқаттарының сыртқы мағыналарына қарсы
шығу арқылы Исламның бұрынғыдай жайылуына кедергі келтірді.
Мысалға: Аллаһтың әмірімен жер шарын қадағалап тұрған «Сәур
және Хут» деп аталатын рухани періштелерді, расында да алып денел өгіз және балық деп қабылдаған. Ал жаратылыстану ғылымдары
мен философия ақиқатты түсінбеген соң, Исламға қарсы шыққан.
Осыған ұқсас жүздеген мысалдар бар. Ақиқатқа көз жеткізсе, ең
қырсық философ та мойындауға мәжбүр болады...
(Тіпі Рисалей-Нұр, «Құран ғажайыптары» атты бөлімінде қазіргі ғылым сынға алған барлық аяттардың астарында Құранның мұғжизалы сәулелері жатқанын көрсетіп беріп, оқымыстысымақтар сынға алған Құранның сөйлемдері мен әр бір сөзінде ғылымның қолы жете алмайтын асқақ ақиқаттар жатқанын дәлелдеп беріп, ең қырсық философты да бағынуға мәжбір етті. Бұл кітап жарыққа шықты, қалаған адам оқып көрсін. Бұл кедергінің қырық бес жыл бұрын айтылған сол сөзден кейін қалай күйрегенін көрсін.)
Кейбір Ислам ғалымдарының бұл тақырыпта жазған еңбектері бар.
Осы сегізінші кедергінің тас-талқаны шығатыны жайлы көптеген
ишаралар бар.Қазір болмаса да отыз-қырық жылдан кейін ғылым мен
шынайы білім және мәдениеттің игіліктері осы үш үлкен күшті
қаруландырып, әлгі сегіз кедергіні алып тастау үшін ақиқатты іздеу
ниеті мен ақиқатшылдықты және адами сүйіспеншілікті сегіз жауға
қарсы қойып, сегіз майдан ашып, оларды тықсырып барады. Инша
Аллаһ жарты ғасырдан кейін оларды тас-талқан етеді. Игіліктің ең
жоғарғысы, жаудың өзі сол игілікті мойындауы.