соттағы
March 3, 2020

Сотта жабылған 3 жала

Жан-жақты тергеу жүргізіліп Ескішәһир, Қастамону, Денизли
қалаларында тұтқындалып, бірнеше рет сот болды. Соңында ақиқат
ортаға шығып, әділет көрініс тапты. Дегенмен бәлеқорлар тоқтамады.
Дәл қазір де тұтқындалып Афион қаласына айдап әкелді. Қамаудамын,
тергеу жүріп жатыр. Мені төмендегі бабтармен айыптауда:


1- Саяси ұйым құрыпсың. 2- Мемлекеттің саясатына қарсы пікір таратыпсың. 3- Саяси мақсатың бар.


Бұлай деуінің себептері және көрсеткен дәлелдері мынау: менің екі-үш кітабымнан он-бес сөйлем тапқан, соны алға тартуда. Атақты
Наполеон былай деген екен: «Маған, басқаша жоруға келмейтін
бір сөз айтыңдар. Сол сөзді бұрмалап ақырында сол сөзі үшін өлім
жазасына кесемін!». Адамның аузынан шыққан сөзді жорып, небір
түрлендіргенде оны кінәлі, қылмысты қылматыны белгілі. Әсіресе
мен секілді жасы жетпіс беске таяған, дүниялық өмірден баз кешкен,
тек ақыретті ғана ойлайтын адамның жазбалары әрине, еркін болса
керек-ті. Ақ ниет, адал көңілмен жазғандықтан ештеңеден тартынбай
жазады. Оны егжей-тегжейлі тексеріп астарынан қылмыс іздеу
ынсапсыздық. Басқаша түсіну мүмкін емес.


Сондықтан, менің жүз отыз рисалемнің ешқайсында дүниялық мақсат жоқ. Түгелдей Құран нұрынан алынған ақырет пен имандылық
жайлы сөздер. Олардың ішінен саяси немесе дүниялық мүдде таппайсыңдар. Солай екені сот тарапынан расталған-ды. Өйткені, бір
сот тергеуге алады да ақырында кінә таба алмай босатып қоя береді.
Олай болса, бекерге соттың уақытын алып, бейкүнә имандылардың
шаруасына кедергі болудың керегі не? Отан мен халыққа обал емес
пе? Бұрыңғы Саид бүкіл өмірін халқы мен отан үшін, олардың
бақытты болашағы үшін арнаған бола тұра, дүниядан мүлдем бас
тартқан, жетпіс беске келіп қартайған Жаңа Саидтың саясатпен
араласуы мүмкін бе? Мұны сендер де жақсы білесіңдер.
Бір ғана мақсатым бар!


Ол, қабірге жақындаған мына қарт шағымда Ислам елі болған
мына отанымызға большевизмнің қара бұлты төніп келеді. Бұл
пәлекет Ислам әлемінің иман негіздерін зақымдауда. Халықты
әсіресе, жастарды иманнан айырып жалмап барады. Мен солармен
аянбай шайқасып келемін. Жастарды, мұсылмандарды имандылыққа шақырамын. Аллаһтың құзырына Әлгі имансыздармен күрескен
түрде шыққым келеді. Менің бар арман-мақсатым осы. Менің бұл
мақсатыма большевиктер кедергі бола ма, деп қорқамын. Бұл иманға
қас дұшпандарға қарсы діндар бауырларыммен ынтымақ құрып,
бірігу мен үшін үлкен ғанибет. Мені еркін қоя беріңдер! Комунизммен
уланған жастарды сендермен қол ұстасып тура жолға салып, еліме
иман тұрғысынан қызмет етейін, Аллаһтың бірлігіне шақырайын!

Тұтқын

Саид Нұрси

(1936-1949жж)