Бәдиүззаман Әмірдағында
Әзірге Әмірдағы өлкесіндегі өмірінің Афион қамауына дейінгі алғашқы бөлімі баяндалады. Одан кейін, Афион түрмесінен шыққаннан кейінгі Әмірдағындағы иман қызметіндегі өмірі баяндалады. Әмірдағындағы өмірі бұрынғы кезеңдерге қарағанда оқиғаларға толы өткен еді. Ауыртпашылықтар мен жалаларға көбірек душар болған-ды. Ұдайы бақылауға алынып, тіпті көзін құртуға да әрекеттер жасалды. Осылай бола тұра, Рисалей-Нұр кең көлемде жайылды. Студенттер арасында қызметкерлер мен саясатшылар қауымында оқыла бастады. Ұстазды Әмірдағына жер аударғаннан кейін ол туралы қып-қызыл өтірік сөздер айтылып, неше түрлі қисынсыз жалалар жабылуына, Нұрлардың керемет түрде таралуына орай мына бір ақиқатты кіріспеде баян етудің реті келіп тұр.
Саид Нұрси Денізліде екі ай қалғаннан кейін Афион уәлаятының Әмірдағы қаласында тұруға міндеттеледі. Әмірдағына 1944 жылы тамыз айында жер аударылады. Алғашқы он бес күндей қонақ үйде, тұрады, кейін ақшасын өзі төлеп жеке үй жалдайды. Әмірдағындағы өмірін қысқаша былай жеткізуге болады: Ұдайы бақылауда болды. Соттан ақталып шыққанымен және еңбектері қайтарылғанымен еркіне жіберілмеді. Бұрынғыдан бетер қатаң бақылауға алынып, есік-терезесінің алдына күзетші тұрды. Хаттарында да баяндалғандай, Денізлі түрмесінде тартқан бір айлық азапты Әмірдағында кейде бір күнде көріп жүрді. Әмірдағы халқы ұстазға жасалған жағымсыз іс-әрекеттер мен ұстанымдарды өте жақсы біледі. Денізлі соты ақтап шығарғаннан кейін, Саид Нұрсидің иман қызметіне, Нұрлардың жайылуына сот арқылы кедергі жасай алмаған құпия дінсіз ұйымдар, енді басқа жолдарды іздестіреді. Әкімшілік орындарды үрейлендіріп, оларды айдап салу арқылы көзін құртуды ойластырады. Бұл жоспарды іске асыруға қарарлы еді.
Бір күзетші есіктің алдынан кетпейтін-ді. Адамдардың Ұстазбен жүздесуі өте мүшкіл халге айналды. Әмірдағында алғаш ұстазға жақындық көрсеткен Чалышкандар отбасы болды. Бұлар өз ауылдарына жер аударылып келген ғұлама қарияға достық пейілмен қызмет көрсетті. Тек, Аллаһ ризалығы үшін болған осы байланысын бұрмалаған жала жабушылар мен күйе жағушылардың іс-әрекеттеріне мойымастан қызмет етті. Чалышкан отбасымен бірге Әмірдағында көптеген адал мұсылмандар Нұр шәкіртіне айналды. Ұстаздың Нұр қызметіне ат салысты. (Сілтеме* ) Рисалей-Нұрды оқып-жазып төңірекке жая бастады. Ұстаз Әмірдағында тұра бастаған күннен бастап жергілікті халықтың Рисалей-Нұр арқылы ілім, иман, ахылақ және парасаттылық тұрғысынан өрлегені баршаға мәлім және мұны ресми орындардың өздері де мойындаған еді. (Сілтеме**) Әмірдағы шәкірттері ұстаздың Әмірдағындағы өмірі жайлы былай дейді: Ұстаз Әмірдағында ұдайы бақылауда болатын. Қырларға шығып, қыдырыстап жүретін. Ұстаздың көктем және жаз айларында міндетті түрде қырға шығу әдеті бар еді. Жалғыз өзі бірнеше сағат жүріп қайтатын. Қырға шыққанда көбіне соңынан аңду қойылатын. Кейде күзетшілер, кейде жандармдар аңдитын еді. Тіпті, бір жолы артынан оқ атқан, бірақ тигізе алмаған. Бір күні бір қызметкер соңынан жүгіріп барып, «сыртқа шығуға болмайды! Басыңа тақия киіп, сәлде орауыңа болмайды!» деп, әкіреңдеген. Ұстаз да кері қайтқан. Мұндай әрекеттер көп болды.
Өмірі Тарихы-454 бет