September 11, 2020

Шайтанның некеге отырмау туралы өтірігі

Мен күйеуге шықпағанмын. Екі көршіммен және мысығыммен бірге Аустралияда, Сиднейде тұрамын. (Қандай адам екенімді «нағыз мысыққұмар» адамға айналғанымның өзі айтып тұрғандай, бірақ, негізінде, маған бәрібір). Менің жасым отыздан асып кеткен. Осындай жастағы күйеуге шықпаған әйелдердің басындағы көптеген мәселелер менің де басымда бар. Мысалы, жалғыз өзім өмір сүру (жалғыздан жалғыз өмір сүріп, тапқан-таянғанымның бәрін тұрғылықты үйге жұмсау), әлде көршілермен бірге өмір сүруім (ылғи жаңа көрші іздеп, оларға үйренісу керек); барлық жиындарға жалғыз бару; мені қазымыр әрі бір түрлі деп санайтын құрбыларымның көмейлеріндегі айтылмаған сұрақтарды сезіп қою; өзімнің әлі күнге дейін күйеуге шықпағаныма таңқалып, мұңаю; өн бойымда ненің дұрыс емес екенін түсіне алмай дал болу деген сияқты мәселелер. Осының бәрі қатты шаршатады.

Дегенмен, мен Құдай сөзінің, Киелі кітаптың шындық екеніне нық сенемін және барық жағдайда да соған сай әрекет етуді жалғастыра бермекпін. Менің өмірім, мәселелерім мен жағдайым күн өткен сайын өзгеруде, ал бірақ Құдай еш өзгермейді. Оның сөзі де өзгерген жоқ.

Менің әлі күйеуге шықпаған, бірақ тұрмыс құрғысы келетін Мәсіхтегі қымбатты әпке-қарындастарға айтарым: Құдайға сенуді тоқтатпаңыздар. Осы ауыртпалықты төзімділікпен бастан өткізе беріңіздер. Шайтанға өздеріңізді жан-жақтан қаумалаған қызықтармен азғыруға жол бермеңіздер. Ондай тұзақтарға түспеңіздер, оларға, тіпті, мән бермеңіздер.

(Ескерту: мен сөзімді күйеуге шықпаған, бірақ тұрмыс құруды қалайтын әпке-қарындастарға арнаймын. Айтқандарым тұрмыс кұрмағандардың бәріне бірдей пайдалы бола қоймас, сондықтан ол тікелей сізге бағытталмаса да, өзіңіз осы мақалада пайдалы деп тапқаныңызды қолдана берсеңіз болады).

№1 өтірік: сіз … болғандықтан жалғызсыз

Бұл сөйлемді өзіңіз толықтыра аласыз, тек көптүктенің орнына сәйкес анықтауышты қойсаңыз болғаны. Мен үшін олар: «семіз», «ұсқынсыз», «жиіркенішті» сияқты анықтауыштар болуы мүмкін. Ол күнімнің қалай өткеніне байланысты. Менің мына дүниелік көзбен қарағанда өте тартымды, өткір ойлы, мейірімді, сүйкімді... тұрмыс құрмаған таныстарым көп. Олар сондай көп. Пошымдары, өлшемдері, мінездері әр түрлі адамдар жалғыз бола береді, сол сияқты пошымдары, өлшемдері, мінездері әр түрлі адамдар да тұрмыс құра береді. Біреуге ұнайтын нәрсе басқа біреуге ұнамайды. Менің тұрмыс құрмауымның себебі пошым, өлшем мен мінез емес.

Батыс елдерінде, қандай жағдайда болмасын, көптеген адамдар бірталай жасқа келсе де тұрмыс құрып жатады, не мүлде тұрмыс құрмайды. Мен жалғызбасты шығармын, бірақ жалғыз емеспін. Мәселе адамдардың барған сайын ұсқынсыз не жиіркенішті болып бара жатқанында емес, соңғы жүз жылда қоғамда көптеген өзгерістердің орын алғандығында.

Бірақ Құдай кез келген әлеуметтік күштерден де, беталыстардан да құдіретті. Негізінде, Құдай бәрін Өзі реттейтіндіктен мен жалғызбын. Ол бәрін билеп отыр. Сондай-ақ, тұрмыс құрғандар да бәрін Құдай реттеп отырғандықтан тұрмыс құрған. Жесірлердің де жалғыз қалуы Құдайдың билігінде. Құдай кез келген әлеуметтік жағдайдан да, біздің әр түрлі көзқарастарымыздан да, мінезіміздің ерекшеліктерінен де, күмәннан да құдіретті.

№2 өтірік: Құдай сізге күйеу тауып беретіндей құдіретті емес

Мен есейген сайын мұның өтірік екеніне көзім жете түсуде (алдыңғысымен тығыз байланысты). Қазіргіге қарағанда жасырақ, сымбаттырақ әрі мұнша қазымыр емес кезімде Құдайдың өзіме күйеу жіберетінін елестету мен үшін қиын емес болатын. Маған неліктен ғашық болып қалмасқа? Мен сондай ғажаппын ғой! Алайда байқаусыз (өзіңізді дәл осылай сезінесіз ғой) қалған уақытыңыз созылған сайын Құдайдың өміріңіздің осы саласына құдіреті жете қоймас деп ойлай бастайсыз.

Бірақ мен шын мәнінде байқаусыз қалмағанымды естен шығармауым керек. Мені Құдайдың Өзі таңдап алған. Бұл тым жаттанды естілетін шығар, бірақ Құдай бүкіл әлемді бір ғана сөзімен жаратса (Жар. 1); исраилдіктерді босатуға перғауынды мәжбүрлесе (Мыс. 12); Иса Мәсіхті өліден тірілтсе (Лұқ. 24); адамдардың зұлым ойларын Өзінің ізгі мақсатына айналдырса (Елш. 2:22-24); жаңа өмір сыйлап, бізді Өзін жек көретіндерден Өзіне қызмет ететіндерге айналдырса (1Пет. 1); т.с.с... Киелі кітап оқиғаларының бәрін тізіп жатудың қажеті бар ма? Егер Құдай осының бәрін оп-оңай істей алса, маған (сізге) күйеу тауып беру Ол үшін түкке де тұрмайды.

Бұл «келесі қиылыста сізді ханзада күтіп тұрады», не Құдай міндетті түрде сізге күйеу тауып береді деген сөз емес. Бұл Құдайдың сізді күйеуге беруге құдіреті жетпегендіктен күйеуге шықпай қалған жоқсыз дегенді білдіреді.

№3 өтірік: Күйеуге шықпауыңыздың себебі - Құдай сізді сүймейді

Бұлай болуы мүмкін емес екенін көпшілігіміз түсінеміз. Өйткені Құдай – сүйіспеншілік (1Жох. 4:8) екенін білеміз ғой. Күнәкарлардың күнәсі үшін айқышта өлуге Өзінің Ұлын жібергенін білеміз. Мұны бәріміз білеміз.

Бірақ, мүмкін, біз бұған сенуден қалған шығармыз?

Біз өмір сүретін әлем күнәнің салдарынан шіріп барады, айнала толған ауру-сырқау, қайғы-қасірет. Бізді қоршаған дүниеге қарап жорамалдасақ, Құдайдың өзімізге деген сүйіспеншілігіне күмән келтіруге себебіміз көп болар еді. Бірақ біз шектеулі жаратылыспыз. Көре білу шеңберіміз өте тар. Біз «Құдайдың жасаған ғажаптарының барлығын» ұға алмаймыз (Уағ. 11:5). Сондықтан айқышқа қарауымыз керек. Иса Мәсіхтің өлгені және қайта тірілгені туралы дәйектер біз сенімге келген күні қандай болса, дәл сол күйінде. Егер Құдай сізді Өзіне қабылдау үшін Өзінің Ұлын сіздің орныңызға осындай қорқынышты өлімге душар етсе және мұны сіздің күнәкар болғаныңызға қарамастан істесе (Рим. 5:6-11), демек, Оның сізге деген сүйіспеншілігіне күмән келтірудің еш мәні жоқ.

Ал егер сіз Құдайдың өзіңізге деген сүйіспеншілігін айқыштан көре алмасаңыз, оны ер адамнан, оның үстіне күнәкар ер адамнан қалай көрмексіз? Құдай Өзінің сүйіспеншілігін айқыш арқылы сізге күйеу тауып бергеннен де терең етіп көрсетті.

№4 өтірік: Сізге ешкім үйленбеген болса, онда сіз үйленуге татымайтын шығарсыз

Менің өздерін ештеңеге тұрмаймыз деп ойлайтын күйеуге шықпаған құрбыларым бар. Олар ешкім өздерін әйелдікке алмағандықтан масқара болдық деп санап, ештеңеге татымаймыз деген қорытындыға келген. Бұл адамдардың өздерін басқалардың ой-пікіріне сәйкес бағалайтын ежелгі күнәнің тағы бір белгісі деп есептеймін мен.

Осы орайда жалғызбастылардың қандай пайдаға жарайтындықтары туралы айтсам болар еді. Өзін ешкімге керексіз деп ойлайтын, бірақ апта сайын жастар қызметіне қолғабыс етуге көп уақытын жұмсайтын құрбым туралы да айтсам болады. Немесе өз бойынан бірде-бір жақсы қасиетті таба алмайтын, бірақ өзінің достары мен туыстарына аянбай жәрдем ететін құрбымды да сөз ете аламын. Біз, яғни тұрмыс құрмағандар өзімізді қоршаған адамдардың өміріне қаншалықты үлес қоса алатынымыз да тілге тиек етуге тұрады. Бірақ бұл біздің өз құндылығымызды істеген істерімізге апарып тірейтінімізді көрсетер еді, ал мұның өзімізді басқалардың ой-пікіріне қарап бағалауымыздан еш артықшылығы жоқ!

Жоқ. Сіз күйеуге шығып, бағалы болып кетпейсіз. Басқалар үшін пайдалы болу арқылы бағалы бола алмайсыз. Сіз бағалы бола алмайсыз, себебі қазірдің өзінде бағалысыз. Сіз бағалысыз, өйткені Құдіретті Құдайдың Өзі сізді Өз болмысына сай етіп жаратқан. Міне, осылай! Сіз Құдай өзіңізді Өмір кітабына жазған (Заб. 138:13-16) сәтте-ақ бағалы болғансыз. Мұны өз өміріңізде орын алып жатқан ешбір жағдай өзгерте алмайды.

№5 өтірік: Күйеуге шығу арқылы барлық мәселелеріңіз шешіледі

Осы өтірікпен өзімнің ой-санамда бәрінен артық күресетін шығармын. Мен ылғи да біресе бір ойға, біресе екінші ойға қатты беріліп кетемін: бірде олай емес деп ойлаймын, бірде соған сенімді болып көрінемін. Жаңа көрші іздеген сайын күйеуге шықсам, үнемі өзіммен бірге тұратын адамды іздеуге тура келмес еді деп ойлаймын. Күйеуіме бауыр басып кетер едім, сонымен іс бітер еді, оның үстіне жаңа үй сатып алар едік, сонда үй иесі менен үйді босатуды сұрайды деген қорқыныштан арылар едім деп ойлаймын.

Күйеуге шықсаңыз, шынымен де сіздің біраз мәселелеріңіз шешілер еді. Мүмкін, неке жалғыздықтан құтқаратын болар. Мүмкін, шынымен де жаңа үй сатып аларсыз. Бірақ бұл өтірік – ақиқаттың артындағы өтірікті ажырату барған сайын қиындай түсетін, ептілікпен жасырылған жартылай шындық.

Некенің сізді жалғыздықтан құтқаратынына кепілдік жоқ. Кейбір адамдар тұрмыс құрса да өздерін жападан-жалғыз сезінеді, олар некеге қамалып, тіпті, сөйлесетін адам таппайды. Күйеуге шығу ендігәрі өзіммен бірге тұратын көрші іздемейтініме, немесе үй сатып алып, қауіпсіздікте өмір сүретініме кепілдік бермейді. Күйеуім тойдан соң көп өтпей-ақ қайтыс болуы мүмкін; үйіміз өртеніп кетуі мүмкін. Мен тым қатыгез мысалдар келтірудемін, бірақ мұншалықты жаман жағдай орын алмаса да, менің тұрмыстағы өмірдің қандай болу керектігі туралы ойларым мен тұрмыстағы шынайы өмірдің арасында айтарлықтай айырмашылық бар екені сөзсіз. Елші Пауыл некені сипаттай келе «осы дүниелік істердің қамын жеу» мен «ауыртпалықтар» жайында айтады (1Қор. 7). Исаның шәкірттері де некенің ауыртпалықтарын жақсы түсінген. Сондықтан Иса оларға: «Сендерге айтамын: кім жеңіл жүріске түспеген әйелімен ажырасып, басқаны алса, сол неке адалдығын бұзады. (Күйеуімен ажырасқан әйелге үйленген де неке адалдығын бұзады)», – деп айтқанда, олар: «Егер еркектің әйелінің алдындағы міндеті осындай болса, онда үйленбеген артық» (Мат. 19:9-10), – деп дауыстап жіберді.

Мен неке – зұлымдық деп айтпақ емеспін. Елші Пауыл айтқандай, олай болуы мүмкін емес! Неке – Құдайдан берілетін тамаша сый, сондықтан менің құрбыларым күйеуге шыққанда қатты қуанамын. Өзім де күйеуге шығуға қарсы емеспін. Бірақ неке басымыздағы барлық мәселелерді шешіп береді деген қиялға берілудің қажеті жоқ. Біздің мәселелеріміздің шешемі некеде емес.

№6 өтірік: Өзіңіз іздеген жігітті табуыңыз керек

Бұл тарихтағы мағынасыз ойлардың ішіндегі ең мағынасызы. Шын айтамын. Шайтанның бізді осындай өтірікке сендіруіне көмектескен ақымақ романтикалық комедияларыңа көп рахмет, Голливуд.

Құдай біз күйеуге шығамыз ба, жоқ па, шықсақ, кімге шығатынымызды біледі. Бірақ біз мұны біле алмаймыз. Құдайдың Өзі сізге оның атын айтпайынша, не суретін бермейінше, оның «өзіңіз іздеген» жігіт екенін дөп басып айта алмайсыз. Сіздің қолыңыздан келетін жалғыз нәрсе – сиыну, даналықпен шешім қабылдау, Құдайға сенім арту және неке уәделеріне адал болу.

Мен кез келген жігітке тұрмысқа шыға беру керек, әйтеуір, сенуші, басы бос әрі тірі болса болды деп айтпақ емеспін. Физикалық тартымдылық пен романтиканың еш мәні жоқ деуден де аулақпын, әйтпесе, Сүлейменнің таңдаулы әндеріне қарсы шыққан болар едім. Менің айтпағым, күйеуге шыққыңыз келсе, «өзіңіз іздеген жігітті» күтпеңіз. Рухани жеміс бере алатын жігітті іздеңіз. Исаны сүйетін жігітті іздеңіз. Әке-шешелері үйлендірген жұптардың уақыт өте келе бір-біріне деген сүйіпсеншілігі тереңдей түсетінін байқадыңыз ба? Сондықтан өзіңіздің болашақ күйеуіңізді көрген кезде аспан айналып жерге түскендей күй кешемін деп ойламаңыз. Құдайдан өзіңізге күйеу беруін сұраңыз, бірақ, сондай-ақ, Құдай әділ адамды жібергенде, оның өзіңізге қамқорлық көрсетуіне жол беруіңіз үшін Одан өзіңіздің қалауларыңды өзгертуін де сұраңыз.

№7 өтірік: Күйеуге шықпаған әйелдің отбасы жоқ

Шынымды айтсам, өмірімнің қазіргі кезеңінде мен бұл өтірікке көп бой алдыра бермеймін. Құдайдың рақымымен менің әке-шешем мен олардың жұбайлары, сонымен қатар, барлық өгей аға-әпкелерім әлі тірі. Бірақ мен кейде өзіме: «Жасым келіп, қартайғанда не істеймін?» – деген сұрақты қоямын. Кейде көңілім тарылып, кәрілік пен жалғыздықтан, маған қамқорлық көрсететін ешкім болмай қалады деген ойдан қорқамын. Тұрмыс құрған да, құрмаған да адамдарға осындай қорқыныш таныс екеніне сенімдімін. Өмір бойы жалғызбасты болып өткен Джон Чемпэн тұрмыс құрған адамдардың 50% жуығы екінші жартылары қайтыс болған соң қайтадан жалғызбасты өмір кешеді деп жазған.

Мен Чаппо есімді уағыздаушыдан отбасына басқаша қарауды үйрендім. Көп жыл бұрын үй қауымындағы уағызында ол Иса үшін мәсіхшілер отбасы биологиялық отбасынан да жақын болғаны сияқты біз үшін де дәл солай болады деп айтқан болатын (Мат. 12:46-50). Чаппо сол кезде: «Мен ешқашан ата бола алмаймын... бірақ осы отбасында [жиналғандарды көрсетіп] немерелерім көп болады деп үміттенемін... Біз сіздермен тығыз байланысқанбыз, сондықтан біздің отбасымыз биологиялық отбасынан да жоғары тұр», – деді. Чаппоның үміті ақталды. Өмірінің соңғы жылдарында онымен көрісу үшін ауруханаға келгендердің саны көп болғаны сонша, қызметкерлердің бірі: «Мына кісінің отбасы үлкен екен!» – депті. Құдайдың отбасында болу туралы әсерлі куәлік, солай емес пе?

Құдайдың балалары ретінде біздің отбасымыз үлкен. Бастысы, бүгінгі жеке тұлғалар қоғамда осы туралы ұмытпасақ болғаны.

№8 өтірік: Өмір бойы жалғызбасты болып өткенше, сенбеушіге тұрмысқа шыққан артық

Құдайдың отбасы шынымен үлкен, бірақ біз, қайткенмен де күнәкар болғандықтан, бір-бірімізді жақсы көре алмаймыз. Жалғызбастылық шынымен қинауы мүмкін. Сондықтан көптеген сенушілер сенбеушілерге күйеуге шығуға шешім қабылдайды. Мүмкін, сіз қазір сол туралы ойлап жүрген боларсыз.

Мені жақсы ести алуыңыз үшін баяу айтамын: мұның... соңы... жақсылыққа... апармайды.

Мен сенбеуші күйеулері бар көптеген сенуші әйелдерді білемін. Олардың кейбірі күйеуге шыққан соң сенімге келген. Басқалар сенуші бола тұра сенбеушіге тұрмысқа шыққан. Біразының сенуші күйеулері Исаға деген сенімдерінен бас тартқан. Олардың бірде-біреуі әлі таңдау еркіңіз бар кезде сенбеушіге тұрмысқа шығуға кеңес бермейді. Бірде-біреуі. Қалай болғанда да, Исаға бұрынғыша сенім артатындары. Оның себебі мынада.

Егер Исаны танымайтын және оны сүймейтін адамға тұрмысқа шықсаңыз, мынадай жағдайлар болуы мүмкін:

·        Ақырында, Исаға деген сеніміңізден өзіңіз бас тартасыз, өйткені Оның сіздің өміріңіздегі маңызы барған сайын азая береді, ал күйеуіңіздің маңызы барған сайын арта береді. Ал Исадан бас тартқанда сіз жұмақты тозаққа айырбастайсыз.

·        Немесе сіз Исаға сенім артуды жалғастыра бересіз, бірақ бұл қиын болады әрі жалғыздық сезімімен қатар жүреді, барлық кезде болмаса да, кей кездерде. Мен күйеуі Мәсіхке сенген, бірақ уақыт өте келе сенімінен бас тартқан бір мәсіхші әйелді білемін. Ол ер кісі әйеленің қауымға баратынына, қауымға ақша беретініне (өзі де өз қалауынша сонша ақша жұмсай алатын болса) қарсы емес. Ол әйелін жақсы көреді. Әйелдің сенбеушімен некеде екенін ескерсек, бұдан артық қандай жақсылықты күтуге болады? Бірақ ол апта сайын қауымға және үй тобына жалғыз баруға мәжбүр. Ол өмірінің ең маңызды бөлігін өзі сүйетін адаммен бөлісе алмайды. Бірақ ең қорқыныштысы, егер күйеуі өле-өлгенше ештеңе өзгермесе, ол көктегі Құдай патшалығына мәңгілікке күйеуімен бірге барамын деген үмітінен айырылады. Өйткені күйеуінің жолы оны басқа жаққа бастап апарады.

·        Немесе, мүмкін, Құдай сізді аяп, үйленген кезде күйеуіңізді құтқаратын болар. Бірақ Исаға сенбейтін адамға күйеуге шыққанда, менің ойымша, сіз оған Исаны шындап қабылдауға, керісінше, кедергі болатын сияқтысыз. Егер сіз өзіңіз оны шындап қабылдамасаңыз, оның басқа қандай амалы бар? Әрине, Құдай сіздің жеңіл әрекетіңізден де құдіретті, сондықтан әлі де сіздің күйеуіңізді құтқара алады. Бірақ нақты солай болатынына еш кепілдік жоқ. Сіз мұны талап ете алмайсыз. Алдыңғы екі жағдайды ескерсек, мұндай тәуекелге барудың қажеті қанша?

Қымбатты әпке-қарындастар, егер сенбеушіден жұбаныш іздеуге азғырылып жүрсеңіз, ондай азғырылуға берілмеуді өтініп сұраймын. Ондай ойға, тіпті, жол бермеңіз. Эмоционалдық тәуелділік пайда болып, есті ойлай алмай қалатын жағдайлардан аулақ жүріңіз. Сондай азғырылуды дәл қазір сезініп отырсаңыз да, сезінбесеңіз де, оған берілмеуге нық шешім қабылдаңыз. Өзіңіздің шешіміңізге берік болыңыз.

«Джэн Эйр» кітабындағы сүйікті сөздерім есіме түсіп кетті. Ол ғашық болып қалған адам, әйелі бар болғанына қарамастан, қызды моральдық ұстанымдарынан бас тартып, өзімен бірге өмір сүруге үгіттейді. Сонда қыз әлгі адамға былай деп жауап береді:

Ережелер мен заңдар азғырылу жоқ сәттер үшін пайда болған жоқ, керісінше, дәл қазіргідей жаның мен тәнің олардың қаталдығына қарсы көтерілетін сәттер үшін пайда болған. Сондықтан қаншалықты қиын болса да, оларды бұза алмаймын. Өзімнің ыңғайыма қарай бұза беретін болсам, олардың құны нешік? ...Қазіргі сәтте мен тек ертеректе қалыптасқан пікірлеріме, осыдан көп уақыт бұрын қалыптасқан пікірлеріме ғана сүйене аламын және мен дәл қазір соларға сүйеніп тұрмын.

№9 өтірік: Жалғыз болу тым қиын, оған төтеп беру мүмкін емес

Соңғы екі жылда мен екі жағымсыз әңгіме естідім. Бір құрбым маған күйеуге шықпай жүре берсе, әлі қанша шыдай алатынын білмейтінін айтты. Бұл туралы басқа құрбыма айтқанымда ол: «Мен оны толықтай түсінемін!» – деді. Олар үшін жалғызбасты болу тым қиын болды.

Шынымды айтсам, оларды жақсылап сілкіп-сілкіп, жалғызбастылықтан да ауыр уайымдардың бар екенін айтқым келеді. Өз басыма келер болсақ, мен үшін ажырасудан гөрі жалғызбасты болып қалған артық. Ажырасу жиілеп кетсе де, оның қаншалықты ауыр тиетініне атүсті қарамайықшы. Күйеулері қайтыс болған әйелдерді көргенде жүрегім жылайды. Кейбір отбасылар күн сайын ауру-сырқаудың, зақымның, кедейліктің, не бақытсыз жағдайдың салдарынан өмір бойы азап шегеді. Мен олардың қайғылары менің қайғымнан әлдеқайда ауыр екендігі жөнінде жиі ойлаймын.

Сонымен қатар, мен сол әйелдердің қаншалықты бай екендерін көргендерін қалаймын. Олардың жақсы жұмыстары, көп киім-кешектері, ақшалары мен тамақтары бар. Бәрі де тамаша үйде тұрады, біреуі, тіпті, өзіне пәтер сатып алды.

Бірақ мұның бәрі соншалықты маңызды емес. Соншалық «қорқынышты» болмаса да, олардың әрқайсысының өз бастарына жетерлік мәселелері бар. Жалғыздық мұңы айтпаса да түсінікті, ол күйеуге шығуға деген табиғи тілектен туындайды. Бірақ бізге ең керектісі – Құдай және Оның сөзі арқылы берілетін түсіністік.

Жаңа Өсиетте төзуге және еңсемізді түсірмеуге қанша шақырылу айтылғанын білесіздер ме? Мен білемін, олар көп[1]. Олардың көптігі мына дүниеде ұзақ уақыт бойы Исаның соңынан еру оңай емес екенін білдіреді.

Мүмкін, сіз Онымен бетпе-бет кездескенше одан сайын қиындап кететін де шығар. Жаңа Өсиетте Құдай бізге Иса Мәсіх арқылы сыйлаған ұлы баталар жөнінде көп айтылуының себебі осыда деп білемін[2]. Өзімізге берілген баталарды есте сақтауымыз керек, алайда біз оларды тез ұмытамыз ғой. Олар біз үшін өлген Иса үшін бәріне шыдауға маңызды ынталандырғыш бола алады. 2Петір 1:3-12 аяттарда бұл туралы тамаша сөздер жазылған:

Құдай бізді құдіретті күшімен және Оны жақыннан танып білуіміз арқылы Өзіне ұнамды жаңа өмір сүруімізге қажеттінің бәрімен қамтамасыз етті. Ол бізді Өзінің ұлы да ізгілікті болмысы арқылы меншікті халқы болуға шақырады. Өзінің болмысы сондай ұлы әрі ізгілікті болғандықтан, Құдай бізге аса құнды да тамаша уәделерін берді. Бұл уәделерінің арқасында сендер Құдайдың әділ болмысын бөлісіп, арам құмарлықтарға салынбай, осы күнәкар дүниелік адамдардың азғындығынан аулақ жүріп құтыла аласыңдар. Сол себептен де мына қасиеттерге кенелуге бар ынталарыңмен ұмтылыңдар: сенімдеріңде ізгілік көрсетіңдер, ал ізгілік көрсеткенде саналылық та танытыңдар, саналылықтарыңда ұстамдылық та молынан болсын! Ал ұстамдылықтарыңда төзімділік, төзімділіктеріңде Тәңір Иеге бағышталғандық, Тәңір Иеге бағышталғандықтарыңда бауырластарыңа деген ізгі ниеттілік, ал ізгі ниеттіліктеріңде шынайы сүйіспеншілік танытыңдар! Егер осы қасиеттер сендердің бойларыңда болса және молая түссе, онда рухани өмірлерің пайдасыз, өнімсіз болып қалмайды, керісінше, Иеміз Иса Мәсіхті жақынырақ танып біле бересіңдер. Ал кімде бұл қасиеттер жетілмесе, сол алыстан көрмейтінге, тіпті соқырға ұқсайды. Сондай кісі өзінің өткен кезеңдердегі (Мәсіхке сеніп) күнәларынан тазарғанын ұмытқан. Сондықтан да, бауырластарым, Құдайдың өздеріңді меншікті халқы болуға шақырып, таңдап алғандығын өмірлеріңмен нық бекітуге ынтамен ұмтылыңдар! Егер солай істесеңдер, ешқашан да тура жолдан тайып кетпейтін боласыңдар. Осылайша сендерге Иеміз бен Құтқарушымыз Иса Мәсіхтің мәңгілік Патшалығының «қақпасы» айқара ашылып, оған емін-еркін кіресіңдер. Сол себепті, сендер осы айтқандарымды білсеңдер де, қабылдаған шынайы ілімді берік ұстансаңдар да, мен оларды бәрібір ұдайы естеріңе салып отырмақпын.

Жалғызбасты болып қалу – шамаңыздан артық сынақ емес. Құдай сізге шыдауға керектінің бәрін берді, сондықтан бұған шыдай аласыз. Шайтанға өзіңізді көндіруге жол бермеңіз.

Жағдайдың шарасыз құрбаны болмайық

Қымбатты әпке-қарындастар, шайтанның тұзағының құрбаны болып жүрмейік. Құдай бүкіл әлемге, бізге сүйіспеншілікпен сыйлаған нәрселерге разы болмай жүрмейік. Құдайға өміріміздің барлық салаларында, осы саласында да сенім артайық. Өлілер мен тірілерге үкім шығаратын Құдайдан: «Маған қалағанымды бер, әйтпесе арамызда бәрі бітті!» - дейтіндердің қатарына қосылмайық.

Қандай болмасын, сізге жалғызбастылыққа төзуге көмектесетін ақыл-кеңестер мыналар. Бұлар ереже не бұйрық емес, ақыл-кеңестер:

·        Егер сіздің ұстанымдарыңыз берік емес сияқты көрінсе, нақты неге күмәнданатыныңызды анықтап алыңыз. Анықтаған соң оны сол күйінде қалдырмай, әрекет етіңіз. Ізгі хабарды оқыңыз. Исаның өлімі мен қайта тірілуі туралы кітап оқыңыз. Күмән тударытан нәрселермен жұмыс істеңіз, оларды өзіңіз сенім артатын адаммен бірге талқылаңыз.

·        Егер Құдай сөзін оқымай жүрсеңіз, оны бірге оқи алатын адамды табыңыз.

·        Қауымда сіздің көмегіңізге мұқтаж адамды табыңыз. Бастапқыда жай ғана тамақ дайындаудан бастау да жеткілікті болар. Егер өзіңізді жалғыз сезінетін сәттер көп болса, оларды отбасыңызға қызмет етумен толтырыңыз. Бұл шынымен жақсы көмектеседі.

·        Өзіңіздің жағдайдың шарасыз құрбаны емес екеніңізді ұмытпаңыз. Сіздің бойыңызда Киелі Рух өмір сүреді. Сіздің Әкеңіз – әлемді жаратқан Құдай. Ол сізді сүйеді және сіз үшін ненің жақсы екенін бәрінен артық біледі. Жатын бөлмеңізде 2Петір 1:3–12 аяттардағы мәтінді іліп қойып, оны күн сайын оқыңыз.

·        Өзіңізде бар нәрселерге ризашылық білдірудің жолдарын табыңыз. Күнделік бастап, күн сайын өзіңіз риза болған бір-екі нәрсені жазып жүріңіз. Егер сол туралы басқаларға айтып жүрсеңіз, тіпті жақсы. Осылайша, оны өзіңіздің есіңізге салып, басқаларды да жігерлендіресіз.

·        Егер сіз жалғыз өмір сүретін болсаңыз, бір немесе екі әпке-қарындастармен бірге өмір сүру жайында ойлап көріңіз. Жалғыз өмір сүріп үйреніп қалғандар үшін мұның ерсі естілетінін білемін. Қарым-қатынастарыңыз жақсы болса да, бөтен адамдармен өмір сүру қиын. Кей жағдайларда басқаға жол беруге тура келеді, үйдегі билік те толықтай өз қолыңызда болмайды. Бірақ әркім өз бөлмесінде отырып, бір-біріңізбен аз сөйлессеңіздер де, үйде басқа адамдардың болуы мүлде жалғыз болудан жақсы. Мен шынымен өзімді жалғыз сезінбеймін және бұл менің жалғыз тұрмайтындығымнан болар деп ойлаймын.

Қорытынды ретінде, егер сіз мәсіхші болғандықтан күйеуге шықпасаңыз, яғни сенбеушілердің ұсынысына «жоқ» деп жауап берсеңіз, онда сіз жарадыңыз және сол үшін сізге рахмет айтамын. Сіз әділ адамның үлгісіз және басқаларға соныңызбен жігер бересіз. Сіз үшін Құдайға мадақ.

Эмма Торнетт

Ақпарат көзі: http://matthiasmedia.com/briefing/2013/08/satans-lies-about-singleness

https://t.me/ruh_zhan


[1] 1 Мысалы, Мат. 10:22, 24:13; Лұқ. 21:19; Рим. 5:3–4, 15:4–5; 1Қор. 10:13, 13:7; 2Қор. 1:6; Еф. 6:18; Қол. 1:11; 2Сал. 1:4; 2Тім. 2:12, 24; Евр. 10:36, 12:1–17; Жақ. 1; 1Пет. 2:18–25; Яһд. 17-21; Аян. 1:9, 14:6–13.

[2] 2 Мысалы, Рим. 4:7–8; 1Қор. 6:9–11; 2Қор. 8:9; Ғал. 3:10–14; Еф. 2:1–22; 3:1–6; Тит. 3:3–6; 1Пет. 1:3–5, 2:9–10; 2Пет. 1:3–4.