October 13

Аллаһ Елшісі ﷺ айтты: «Біліңдер! Дүние және ондағы нәрселер лағынеттелген. Тек Аллаһты еске алу, соған қатысты нәрселер, ғалым немесе білім үйренуші ғана бұдан тыс».

Хазіретті Әбу Һурайра риуаят еткен хадисте Аллаһ Елшісі ﷺ айтты:

«Біліңдер! Дүние және ондағы нәрселер лағынеттелген. Тек Аллаһты еске алу, соған қатысты нәрселер, ғалым немесе білім үйренуші ғана бұдан тыс».

1. Имам (әл-Музһири атымен танымал) Мухаммад ибн әл-Хусәйн әз-Зәйдәни әл-Ханафи (727 һ.ж. қайтыс болған) «әл-Мәфәтих фи шарх әл-Мәсабих» кітабында (4017-ші) хадистің түсіндірмесінде айтты:

Яғни дүниедегі Аллаһты еске алудан немесе Аллаһ сүйетін нәрселерден басқасының бәрі лағынеттелген. Демек, дүниеде болып жатқан, Аллаһ сүйетін істер лағынеттелмеген, ал қалғанының бәрі лағынеттелген. Яғни Аллаһтың рақымынан аластатылған әрі Оның алдында жек көрілген.

2. Ғұлама мухаддис Абдул-Хақ Сайфуд-Дин әл-Бухари әд-Дәһләуй әл-Ханафи әл-Матуриди ән-Нақшбанди өзінің әйгілі «Ләмәғату әт-Тәнқих фи шархи Мишакт әл-Масабих» кітабында (5176-шы) хадистің түсіндірмесінде айтты:

(«Біліңдер! Дүние және ондағы нәрселер лағынеттелген. Тек Аллаһты еске алу, соған қатысты нәрселер) деген сөзіне үш түрлі түсіндірме берілген:

Біріншісі: Аллаһ ұнататын, Оған жақындататын амалдар мен тағаттар меңзеледі.

Екіншісі: яғни «зікірге жақын әрі оған ұқсас нәрселер» деген мағынада. Мұнда игілікті еске алу, яғни Аллаһты еске алудан өзге игілікті еске алу меңзеледі.

Үшіншісі: яғни зікірге сай жасалатын әрі одан ажырамайтын амалдар меңзеледі. Ал Аллаһ Тағаланың әмірі мен тыйымын ұстану — зікірдің талаптарының бірі.

Бұл түсіндірмелердің барлығы зікірден Аллаһ Тағаланың есімін еске алу көзделгенде ғана толық үйлеседі. Ал зікір ұғымынан Оған жақындау ниетімен жасалатын әрбір игі амал көзделсе, барлық тағаттар мен ғибадаттар зікірге кіреді. Онда «соған қатысты нәрселер» дегеннен зікір ісін қамтамасыз етіп, оған жәрдемдесетін себептерді, мысалы, күнкөріске жеткілікті қаражат пен өзге қажеттіліктерді түсінуге болады.

Немесе зікір етушілер меңзелуі мүмкін...

(ғалым немесе білім үйренуші ғана бұдан тыс») яғни: «Аллаһты еске алу, ғалым немесе білім үйренуші ғана мақталады».