Аллаһ Елшісі ﷺ өсім жеушіні, оны жегізушіні, оны жазушыны лағынеттеді.
Хазіретті Әли, оған Аллаһ разы болсын, Аллаһ Елшісінің ﷺ былай деп айтқаның жеткізді:
«Аллаһ Елшісі ﷺ өсім жеушіні, оны жегізушіні, оны жазушыны лағынеттеді. Сондай-ақ садақаны бермей қоюшыны да лағынеттеді. Және мәйітке дауыс шығарып жылаудан тыйатын еді».
1. Мулла Әли әл-Қари әл-Ханафи әл-Матуриди өзінің «Мирқату әл-Мәфәтих шарх Мишкат әл-Масабих» (2829-ші) кітабында хадистің түсіндірмесінде айтты:
(«Аллаһ Елшісі ﷺ өсім жеушіні, оны жегізушіні, оны жазушыны лағынеттеді. Сондай-ақ садақаны) яғни, жалпы садақа бермейтін адам немесе парыз болған зекетті (бермей қоюшыны да лағынеттеді. Және мәйітке дауыс шығарып жылаудан тыйатын еді») яғни мәйітке дауыс көтеріп жылаудан әрі: “О, тауым-ай!”, “О, сүйенішім-ай!” деген сияқты жәһилиет сөздерін айтып жоқтаудан қайтаратын еді.
2. Ғұлама мухаддис Абдул-Хақ Сайфуд-Дин әл-Бухари әд-Дәһләуй әл-Ханафи әл-Матуриди ән-Нақшбанди өзінің әйгілі «Ләмәғату әт-Тәнқих фи шархи Мишакт әл-Масабих» кітабында (2829-ші) хадистің түсіндірмесінде айтты:
(Және мәйітке дауыс шығарып жылаудан тыйатын еді) деген сөзде сөйлеу тәсілі өзгертілген. Хадисте: “мәйітке дауыс шығарып жоқтау айтушыны лағынеттеді” деп айтылмаған.
Мұның себебі: дауытсап жоқтау айтудың күнәсі өсім жеу мен садақа бермеу дәрежесінде емес болуы мүмкін. Өйткені бұл жерде тек тыйым ғана келген. Ал әрбір тыйым салынған істі істеу міндетті түрде оны жасаушының лағынеттелуін қажет етпейді. Себебі кейбір тыйымдар тәнзиһ үшін болуы мүмкін. Тіпті харамдық үшін болған жағдайда да, харамдардың өзара дәрежелері болады: кейбірі басқасынан ауыр.
Немесе мұндағы мақсат — Аллаһ Елшісі ﷺ дауыстап жоқтау айтудан үнемі әрі тұрақты түрде қайта-қайта тыйып отырғанын білдіру. Яғни мұнда күшейту мен ерекше ескерту мағынасы бар. Өйткені бұл іс адамдар арасында жиі орын алатындықтан, оған қатысты ескерту де күштірек әрі көбірек болған.