Ибн Ғаннамның «Тарих» кітабындағы уаһабилердің мұсылмандарға қарсы жорықтары.
Ибн Ғаннамның «Тарих» атты еңбегі — қазіргі Сауд Арабиясы патшалығының қолдауымен басылып шыққан ресми тарих кітаптарының бірі. Оның авторы Ибн Ғаннам — Мухаммад ибн Абдул-Уаһабтың тікелей жанында жүрген, жеке хатшысы әрі оқиғаларды көзбен көріп жазған куәгер.
Бұл еңбекте Ибн Ғаннам Мухаммад ибн Абдул-Уаһаб пен оның ізбасарлары — уаһаби-хауаридждердің араб түбегіндегі мұсылмандарға қарсы 317 рет әскери жорық жасағанын нақты дерекпен баяндайды. Айта кету керек, бұл санға мешіттерде ұйымдастырған лаңкестік шабуылдар кірмеген.
Аталған жорықтардың барлығы Ислам үмбетіне — өзге мұсылмандарға қарсы бағытталған. Бұл оқиғаларды оқыған адамға кеше ғана Сирияда ИГИЛ (ДАИШ) жасаған қантөгістер мен зұлымдықтар көз алдыңа елестейді.
Аллаһ Елшісі ﷺ хадисте «Шайтанның мүйізі шығады» деп меңзеген Нәжд өлкесінен шыққан Мухаммад ибн Абдул-Уаһаб мұсылмандарды жаппай күпірлікпен айыптай отырып, дәл осы тәкфир сенімінің негізінде әскери шабуылдарын бастаған болатын.
Өкінішке қарай, бұл ағымның мұсылмандарға қарсы әрекеттері әлі күнге дейін түрлі пішінде жалғасып келеді:
– бір тобы мешіттерде жарылыстар ұйымдастырып, ғалымдардың жиындарында лаң салса,
– енді бір тобы мешіттерде қарапайым жамағаттың арасында бүлік тудырып, дау шығару арқылы деструктивті әрекеттерін жүзеге асыруда.
Бұл жағдайлар Ибн Ғаннамның кітабында ашық баяндалған. Төменде сол еңбектен кейбір үзінділер келтіретін боламыз:
• Усман ибн Мағмардың өлтірілуі туралы
Кітаптың 103-бетінде Мухаммад ибн Абдул-Уаһабтың тікелей бұйрығы бойынша, һижри 1163 жылдың раджаб айында болған ауыр оқиға суреттеледі: уаһабилердің озбыр сенімдеріне қарсы шыққан мұсылман әмірлерінің бірі Усман ибн Мағмар жұма намазынан кейін мешіт ішінде, дәл намаз оқыған орнында, уаһаби Хамд ибн Рашид пен Ибраһим ибн Зәйдтің қолынан өлтіріледі.
Бұл оқиға мешіттің ішінде, қасиетті намаз уақыты аяқталысымен жүзеге асырылған, ал бұйрықты уаһабилердің басшысы – ибн Абдул-Уаһабтың өзі бергені айтылады. Усман ибн Мағмар – уаһабилердің сеніміндегі бидғаттары мен зұлымдықтарға қарсы шыққан беделді тұлғалардың бірі болатын.
• Суләйман ибн әл-Хуайтирдің өлтірілуі туралы
Кітаптың 108-бетінде Мухаммад ибн Абдул-Уаһабтың туған ағасы, Ханбали мәзһабының қазысы Суләйман ибн Абдул-Уаһабтың елшісі болған Суләйман ибн әл-Хуайтирдің өлімі туралы баяндалады.
Бұл оқиғаның себебі – қазы Суләйман ибн Абдул-Уаһаб пен оның бауыры Мухаммад ибн Абдул-Уаһаб арасында хат алмасу болған. Осы хаттарды Суләйман ибн әл-Хуайтир елші ретінде уаһабилерге жеткізіп отырған. Өз хатында қазы Суләйман ибн Абдул-Уаһаб уаһабилердің сеніміндегі бидғаттарға қарсы хадистер мен шариғи дәлелдерді келтіріп, кең көлемде түсініктеме берген.
Аталған хат уаһабилер арасында тарап, жүректерге қатты әсер еткен. Соның нәтижесінде кейбір адамдардың жүрегінде уаһабилік сенімге күмән пайда бола бастайды.
Мұны білген уаһабилердің көсемі Мухаммад ибн Абдул-Уаһаб, «шубһат (сенімге күмән) таратты» деген желеумен, Суләйман ибн әл-Хуайтирді өлтіру туралы бұйрық береді. Ақырында ол осы әмірмен өлтіріледі.
• Ханбали мәзһабының беделді ғалымдарын діннен шығаруы
Сол кітаптың 343-бетінде ибн Абдул-Уаһабтың Ахмад ибн Абдул-Кәримге жазған хатын келтіреді.
Аталған хатында ибн Абдул-Уаһаб ашық түрде, аттарын атап, түсін түстеп тұрып, Ханбали мәзһабының беделді ғалымдары — Мухаммад ибн Фәйруз әл-Ханбали мен Салих ибн Абдуллаһ әл-Ханбалиге күпірлік үкімін шығарады. Яғни, бұл екі ғалымды діннен шыққан кәпір деп жариялайды.
• Уаһабилердің Қатар елін діннен шығаруы және оларға шабуылы
Сол кітапта (2/874-бетінде) уаһабилердің Қатар еліне жасаған шабуылы баяндалады. Онда олардың Қатар халқын кәпір деп үкімін шығарған соң, оларға қарсы қарулы жорық ұйымдастырғаны айтылады.
Бұл жорық барысында уаһабилер Қатар елінің шамамен елуге жуық тұрғынын өлтіріп, олардың барлық мал-мүлкін тартып алған. Автор бұл әрекетті ешқандай өкінішпен емес, қайта христиан жорығына қарсы «жеңісті шайқас» секілді сипаттап, мақтанышпен баяндайды.
Бұл дерек уаһабилердің ұстанымдарына келіспейтін мұсылман халықтарына қалайша дұшпандықпен қарағанын және мұсылман қауымын күпірлікпен айыптаудың қаншалықты ауыр салдарға әкелгенін көрсетеді.
• Ар-Рияд халқына тәкфир жасап, қалаға шабуылдау
Сол кітаптың 743–744-беттерінде уаһаби-хауаридждердің ар-Рияд қаласына жасаған шабуылы баяндалады. Онда уаһабилер бұл қаланың тұрғындарын «діннен шыққан» депашық үкім шығарады.
Осы үкімнен кейін олар қаланы күшпен басып алуға әрекет жасап, шабуыл ұйымдастырады. Қала тұрғындары өз елін қорғау үшін қарсыласқанымен, нәтижесінде қала уаһабилердің қолына өтіп, қаланы қорғаған 8 мұсылман шәһид болады.
• Джәләджил қаласына жасаған шабуылы және тонау
Сол кітаптың (1\745-бетінде) уаһабилердің Джәләджил аймағына жасаған қарулы жорығы баяндалады. Бұл жерде автор қала тұрғындарының қашып кеткенін айтып, уаһабилердің сол мүмкіндікті пайдаланып, қалаға кіріп, үйлерден өздеріне ұнаған нәрселерді алып кеткенін — яғни, тонау әрекетін — еш бүкпесіз, қайта мақтанышпен сипаттайды.
Ибн Ғаннам бұл жайтты былай деп баяндайды: «Джәләджил¹ тұрғындары қашып кеткеннен кейін, мұсылмандар² қалаға кіріп, олардың үйлерінен өздеріне ұнаған нәрселерін алды».
¹Джәләджил — Еуропа немесе басқа дін өкілдерінің қаласы емес, ар-Риядтың солтүстігінде орналасқан мұсылман халқы мекендеген аймақ болатын.
²Бұл жерде «мұсылмандар» деп отырғаны — уаһабилердің өздері.
Сол кітаптың (1\744–745-беттерінде) уаһаби-хауаридждердің Сәдиқ аймағына жасаған шабуылы баяндалады. Онда былай деп жазылады: «Сәдиқ аймағына шабуыл жасалып, сегіз адам өлтірілді. Басып алынғаннан кейін ол жерде таухид пен шариғат үйретіліп, халық ислам дінін қабылдады».
Бұл баяндау — уаһабилердің өздерінен өзгелерді мұсылман қатарына қоспағанының айқын дәлелі. Өйткені Сәдиқ — Мекке мен Мәдинаның дәл қасында орналасқан мұсылман аймағы. Сонда қалай түсінуге болады: сахабалар, тәбиғиндер мен таба-тәбиғиндер, одан кейінгі ұлы халифаттар Исламды Еуропаға, Үндістанға, Қытайға жеткізді де, Мекке мен Мәдинаның жанындағы Сәдиқке жеткізбей қалған ба?
Мына жерден қосымша уаһабилердің Осман халифатын күпірлікте айыптауы туралы оқи аласыз:
- Уаһабилер Осман халифатын күпірлікте айыптамайтын кез келген адам кәпір деп жариялауы: https://teletype.in/@al-hanafia_al-maturidia/mEI89o2KSlb
- Уаһабилердің Осман халифатына жасаған опасыздығы: https://teletype.in/@al-hanafia_al-maturidia/2z2WypcWH4J