«Аллаһ Елшісі ﷺ айтты: «Ешбір ер адам үйдегілерді мешітке барудан тыймасын». Сонда Абдуллаһ ибн Омардың ұлы: «Біз оларды тыйамыз», – деді.
Муджәһид, ол Абдуллаһ ибн Омардан, Аллаһ екеуінен де разы болсын, айтты: «Аллаһ Елшісі ﷺ айтты: «Ешбір ер адам үйдегілерді мешітке барудан тыймасын». Сонда Абдуллаһ ибн Омардың ұлы: «Біз оларды тыйамыз», – деді. Абдуллаһ айтты: «Мен саған Аллаһ Елшісін ﷺ айтып отырмын, ал сен болса осылай дейсің бе?!». Айтты: «Содан кейін ол оны қайтыс болғанға дейін сөйлескен жоқ»». Хадисті имам Ахмад риуаят етті.
Мулла Әли әл-Қари әл-Ханафи әл-Матуриди «Мирқату әл-Мәфәтих шарх Мишкат әл-Масабих» (хадис нөмір: 1084) кітабында хадистің түсіндірмесінде айтты:
( «Аллаһ Елшісі ﷺ айтты: «Ешбір ер адам үйдегілерді) яғни, әйелдерді (мешітке барудан тыймасын». Сонда Абдуллаһ ибн Омардың ұлы) Биләл: («Біз оларды тыйамыз», – деді. Абдуллаһ айтты: «Мен саған Аллаһ Елшісін ﷺ айтып отырмын, ал сен болса осылай дейсің бе?!». Айтты) яғни, Муджаһид айтты: ( «Содан кейін ол) яғни, Абдуллаһ ибн Омар (оны қайтыс болғанға дейін сөйлескен жоқ»). Ат-Тыйыби: «Сүннет ұстанатын адам (яғни, сүнни) Пайғамбардың ﷺ сүннетін ести тұра өзінің пікірін артық көретіндерге таңғаламын. Бұндай адам мен бидғатшының арасында не айырмашылық бар? Пайғамбар ﷺ: «Сендердің біреулеріңнің қалауы мен алып келген нәрселеріме сай келмейінше, толық иман келтірмейді» деп айтқанын естімеді ме? Міне, ибн Омар – сахабалардың ұлысы әрі фақиһі – Аллаһ пен Оның Елшісі ﷺ үшін ашуланып, өз бауыр еті баласымен сөйлеспей қойған. Бұл – ақыл иелері үшін үлгі», – деді.
Мен айтамын: «Ат-Тыйыбидің сөздерінде ханафи ғалымдарына астарлы наразылығы бар сияқты, оның ойынша ханафилер (әйелдерді мешітке баруға тыю арқылы) өз пікірлерін хадистен жоғары қояды. Сол үшін олар ханафилерді «әһлу ар-раи» (пікір иелері\қиясқа сүйенушілер) дейді. Бірақ бұл – дұрыс емес. Ханафилредің «әһлу ар-раи» (пікір иелері\қиясқа сүйенушілер) деп аталған себебі – олардың терең түсінігі мен ақылдарының зеректігі екенін олар түсінбейді. Имам әш-Шафиғи: «Фиқһта бүкіл адамдар Әбу Ханифаға мұқтаж», – деген. Ибн Хазмның: «Барлық ханафилердің көзқарасы бойынша, олардың имамы (Әбу Ханифа) әлсіз хадисті өз пікірінен және қиястан артық қояды» – деген сөзін әс-Сахауи жеткізген. Ибн Хаджар «Манақибу әл-Хасан» кітабында: «Кейбір ғалымдардың Әбу Ханифа мен оның шәкірттерін «әһлу ар-раи» (пікір иелері\қиясқа сүйенушілер) деуімен, оларды кемсіту, не оларды Пайғамбардың ﷺ сүннетінен немесе сахабалардың сөздерінен өз пікірлерін жоғары қояды деп түсінбе. Олар бұдан пәк. Себебі, Әбу Ханифа көп жолмен риуаят етілгендей, алдымен Құранға қарайды, одан кейін сүннетке, сосын сахабалардың сөздеріне. Егер сахабалардың сөздерінде қайшылық болса, Құран мен сүннетке жақын болғанын алады. Ал егер сахабалардан ештеңе таба алмаса, табиғиндердің сөзін алмай, өзі ижтиһад етеді», – деп түсіндіреді.
Ибн әл-Мубәрак Әбу Ханифадан: «Егер Пайғамбардан ﷺ хадис келсе, оны – көзімнің қарашығындай бас иіп тұрып қабылдаймын. Егер сахабадан келсе – (Құран мен сүннетке жақынын) таңдаймыз. Егер табиғиннен келсе – бізде олармен қатар иджтихад жасаймыз (өйткені Әбу Ханифның өзі табиғин қатарынан)» – дегенін жеткізген. Тағы да: «Адамдар мені өз пікіріммен пәтуа береді деп айыптайды, ал мен тек Құран\хадис\асармен ғана пәтуа беремін», – деген. Сондай-ақ: «Аллаһтың кітабымен, Пайғамбардың ﷺ сүннетімен және сахабалардың ижмасымен қатар ешкім өз пікірін айта алмайды. Ал сахабалардың арасында келіспеушілік болса, біз соның ішінен Құран мен сүннетке ең жақынын таңдаймыз. Ал егер бұдан (яғни, қарастырылып жатқан мәселе Құраннан, сүннеттен және сахабалардан) табылмаса – онда (дәлелдерге қарап) ижтиһад жасалады», – деген. Әбу Ханифаның мәзһабындағы қияс дәлдігінен Имам әл-Музни ханафилердің пәтуаларын көп қарайтын. Ақыры бұл оның жиені – Имам ат-Тахауиді Шәфиғи мәзһабынан Әбу Ханифаның мәзһабына өтуге себеп болды. Бұны Имам ат-Тахауи өзі де айтқан».
Ибн әл-Һумам былай деді: «Аллаһ Елшісі ﷺ: «Аллаһтың күңдерін Аллаһтың мешіттерінен тыймаңдар», тағы бір хадисте: «Егер біреулеріңнің әйелі мешітке баруға рұқсат сұраса, тыймасын» – деп айтқаны сахих жолмен келген. Бірақ ғалымдар бұны (яғни, әйелді мешітке баруға рұқсатты) наспен (яғни, Құран немесе хадиспен) келген дәйекпен және қияс үкімдерімен шектеген. Біріншісі – Пайғамбар ﷺ айтқан: «Хош иіс сепкен әйел бізбен бірге құптан намазына қатыспасын». Бұл – түнгі намаз жайлы, өйткені басқа риуаятта «әйелдерді тек түнде мешітке барудан тыймаңдар» делінген. Екіншісі – сәнді киім кию мен ерлермен араласып кету сияқты себептер. Өйткені хош иіс зинаға себеп болатын құмарлықты қоздыру үшін. Қазіргі әйелдерде мешітке қарапайым\жұпыны күйде шығу деген нәрсе жоғалған. Бүгінгі күні әйелдер көшеге шығу үшін үйде (яғни, күйеуінің алдында) жасамайтын нәрселерді жасап, әсемденіп шығатын болғандықтан, мешітке барулары толығымен тыйылады. Бұл (яғни, әйелдердің мешітке баруы рұқсат деген) үкімнің күшін кейінгі заманның себептерімен (мысалы, сәндену, фитнаның таралуымен) жойылды деп айту дұрыс емес, өйткені бұл үкім жалпылай емес, фитна болған жағдайда шектелген деп түсіндіріледі. Біз былай дейміз: бұл (яғни, әйелдердің мешітке баруына) тыйым – фитнадан тыйатын жалпы дәлелдерге негізделіп бекітілген. Немесе бұл – шартпен шектелген үкімнің түрі (яғни, әйелдердің мешітке шығуы фитнадан\арсыздықтан\бұзғындықтан аман болу шартымен шектелген). Яғни, шарт жойылса (яғни, фитна\арсыздық\бұзықтық жойылса немесе Пайғамбардың ﷺ кезіндегідей өте аз болса), үкім де жойылады (яғни, әйелдердің мешітке баруына тыйым жойылады).
Сахих (хадисте) Айша анамыз, Аллаһ одан разы болсын, былай деген: «Егерде Алла Елшісі ﷺ әйелдердің қазіргі халін көргенде еді, бану Исраильдің әйелдеріне тыйым салынғандығы секілді, барша әйелдерге мешітке баруға тыйым салар еді». Осыған қоса, Ибн Абдул-Барр «әт-Тәмһид» кітабында өзінің иснадымен Айша анамыздан риуаят етеді: «Уа, адамдар! Әйелдеріңді мешіттерде сәнденіп киінуден және тәкаппарланып жүруден тыйыңдар. Себебі Исраил ұрпағының әйелдері Аллаһтың лағынетіне мешіттерде сәнденіп, тәкаппарланып жүрген кезде ғана ұшырады».
Осы аты аталған себепке (яғни сәндену мен фитна себеп болуына) қарап, тіпті сәнденбеген әйелдер де (мешітке барудан) тыйылады, тіпті рұқсат туралы ашық дәлелдер болса да, себебі түнде бұзық адамдар (пасықтар) көп болады. Өйткені қазіргі заманда (керісінше) пасықтар түнде өте көп жүреді, (сол себепті) тіпті рұқсаттың өзі фитна себепті шектеледі. Ал таң намаз уақытында болса, әдетте пасықтар ұйықтап жатады, сондықтан фитна аз болады. Бәлки кейінгі барлық дерлік (ханафи) ғалымдар – күнімізде бұзықтық\арсыздық барлық уақытта кең таралуына байланысты – қарт әйел болсын, жас болсын, бәріне мешітке баруға тыйым салған».