Yesterday

Пайғамбар ﷺ айтты: «Ішінде сурет, ит немесе жүніп адам бар үйге періштелер кірмейді».

Хазіретті Әли риуаят еткен хадисте Пайғамбар ﷺ айтты:

«Ішінде сурет, ит немесе жүніп адам бар үйге періштелер кірмейді». Бұл ғұсылды жеңіл қарап, әдетке айналдырып кешіктіретін адамға қатысты.

1. Имам (әл-Музһири атымен танымал) Мухаммад ибн әл-Хусәйн әз-Зәйдәни әл-Ханафи (һ. 727 ж. қайтыс болған) «әл-Мәфәтих фи шарх әл-Мәсабих» кітабында (320-шы) хадистің түсіндірмесінде айтты:

(Сурет) жасау — Аллаһтың жаратылысына ұқсауға талпыныс. Ал жарату сипатында өзін Аллаһқа ұқсатуға тырысқан адамның күнәсінен асқан қандай күнә болуы мүмкін?!

Харам суреттер — жанды мақұлықтардың жерден жоғары ілінген суреттері. Мысалы, қабырғадағы немесе пердедегі суреттер.

Ал жансыз нәрселердің суреттері немесе жанды мақұлықтардың төсеніште, адамның үстіне отырып не басып жүретін нәрселердегі суреттері болса, онда оқасы жоқ.

(Ит) мәселесінің талқылауы кейінірек келеді.

(Жүніп адам) дегеннен мақсат — ғұсыл алуға шамасы жете тұра, намаз уақыттары өтіп кеткенше ғұсыл алмай жүре беретін адам.

Ал егер намаз уақыты шығып кетпей тұрып ғұсылды кешіктірсе, онда оқасы жоқ. Бірақ ғұсылды тездетіп алған абзал.

(Періштелер кірмейді) яғни, ішінде осы үш нәрсе бар үйге рахмет пен береке періштелері кірмейді әрі ол үйге жақсылықпен кірмейді.

Ал адамдардың амалдарын жазатын періштелер мұндай нәрселер себепті кірмей қоймайды. Керісінше, олар жақсылық та, жамандық та жасалатын орындарға кіреді. Бірақ рахмет періштелері бұл нәрселердің жаман болғаны үшін ондай үйге кірмейді.

2. Үлкен мухаддис имам Халил Ахмад әс-Сәһәранфури әл-Ханафи әл-Матуриди өзінің әйгілі «Бәзл әл-Мәджһууд фи халли сунан Әбу Дәуд» кітабында (4152-ші) хадистің түсіндірмесінде айтты:

Мұндағы «сурет»¹ дегеннен мақсат — егер ол қабырғаға ілінген, киілетін киімде, сәлдеде немесе құрметтелетін басқа нәрседе болған жанды мақұлықтың суреті. Ал аяқ астына төселетін кілемдегі, жастықтағы, жастанатын нәрседегі немесе қорланатын, қадірленбейтін орындардағы суреттер бұған кірмейді. Мұндай суреттер періштелердің кіруіне кедергі болмайды.

«Ит» дегеннен мақсат — ұстауға тыйым салынған ит. Ал аңшылыққа, егінге немесе мал бағуға арналған ит болса, ол періштелердің кіруіне кедергі болмайды.

Имам ән-Нәуәуи әш-Шәфиғи: “Дұрысы — хадис барлық ит түрін қамтиды. Себебі хадис жалпы түрде келген”, – деген.

Ал «жүніп адам» туралы имам әл-Хаттаби былай деген:

“Мұндағы жүніп адамнан мақсат — жүніп болып, намаз уақыты кіргенге дейін ғұсылды кешіктірген адам емес. Керісінше, жүніп бола тұра ғұсыл алмай жүре беретін, бұған немқұрайлы қарап, әдетке айналдырып алған адам”.

Бұл хадис осы иснадпен және осы мәтінмен «Таһарат кітабында» да өткен.

¹Имам Мухаммад Зәкәрия әл-Кәндәһләуй әл-Мәдәни әл-Ханафи сурет мәселесіне қатысты қосымша түсіндірмесінде былай деді:

«Бұл мәселені Мәуләнә Мухаммад Шәфиғ әд-Диюбанди өзінің «ат-Тасуир» атты рисаласында өте жақсы талқылаған. Оның қорытындысы мынадай:

“Құлшылық етілетін нәрселердің суретін жасауға мүлде болмайды. Мейлі ол ағаш, күн немесе басқа нәрсе болсын.

Ал бұдан өзге нәрселерге келсек, жансыз заттардың суретін жасауға абсолютті түрде рұқсат.

Ал жанды мақұлықтардың суреттерінен қорланатын, қадірленбей қолданылатын түрлеріне рұқсат етіледі.

Сондай-ақ кішкентай суретке де рұқсат. Ол — жерге қойылған кезде тік тұрған адамның көзіне бүкіл бөлшектері анық көрінбейтін сурет”.

Автор бұл мәселеге қатысты дәлелдер мен ғалымдардың сөздерін келтіріп, Сайид Сулейман ән-Нәдуиге де жауап берген. Сондықтан кейбір сахабалардан жүзік және басқа нәрселер жайлы риуаят етілген сөздер бұл қағидаға қайшы келмейді».