September 20

﴾Әйелдер, еркек кіндік балалар, қап-қап алтын мен күміс, асыл тұқымды сәйгүліктер, төрт түлік мал және егінжай сынды нәпсінің құмарын арттыратын дүниелер адамдардың көз жауын алатындай тым тартымды етілді﴿.

Әйелдер, еркек кіндік балалар, қап-қап алтын мен күміс, асыл тұқымды сәйгүліктер, төрт түлік мал және егінжай сынды нәпсінің құмарын арттыратын дүниелер адамдардың көз жауын алатындай тым тартымды етілді. Әсілі, бұлар дүние тіршілігінің (өткінші) қызығы мен бұйым-боқшасы ғана. Шүбәсіз, (адам жаны жай табатын) ең тамаша мекен Аллаһтың құзырында﴿. «Әли Имран» сүресі, 14-аят.

Тура жолдың имамы болған Имам Әбу Мансур әл-Матуриди әл-Ханафи (һ. 333 ж.қ) - Аллаһ оған разы болын - өзінің әйгілі «Тәуиләт әһли әс-сунна» тәпсірінде аяттың түсіндірмесінде айтты:

«Әл-Хасан (әл-Басри) айтты: «Аллаһпен ант етейін, бұл дүниенің (зинетіне) көркемдігін шайтан ғана берген! Себебі Аллаһу Тағаладан артық оған (дүние сәніне) және оның иелеріне (дүниеге берілгендерге) жеккөрінішпен қарайтын ешкім жоқ».

Муғтазила ағымы да осы көзқарасты ұстанады. Алайда, бұл және соған ұқсас (аяттар) жайында негізге алынатын ереже мынадай: Зинеттілік (көркемдік) – Аллаһ Тағаладан, және Оның тарапынан болатын «тартымдылық» екі мағынада жүзеге асады. Сол секілді Аллаһтың жек көруі де екі түрлі себеппен болады:

  • Табиғи тартымдылық: Яғни адам табиғатынан ләззат алатын, нәпсіқұмарлықты қоздыратын нәрселерге ұмтылады. Бұл нәрсе өзі жағынан көркем болмаса да, адам табиғаты оған тартылады.
  • Ақыл тұрғысынан тартымдылық: ақыл белгілі бір нәрсені өз болмысына қарай, яғни оның шынайы жақсылығы, нәтижесінің мақтауға лайықтылығы немесе (Аллаһтың) бұйрығы болғаны үшін немесе оған жақсы нәтиже (ақыр соңының мақтаулы болуы) тән болса, не болмаса бұған ұқсас сипаттар болса — сол кезде ғана ол ақыл үшін тартымды (зинетті) болып саналады. Кейін Аллаһ Тағала ақылды адамның табиғи құмарлығын тежейтін құрал етіп қойды. Себебі адамның табиғаты әрдайым өзіне ләззат пен рахат беретін, жеңіл нәрселерге ұмтылады және зиян мен азаптан қашуға бейім. Ал ақыл — тек өз болмысында ұсқынсыз, жаман нәрселерден жиіркенеді және өз болмысында жақсы нәрселерге ұмтылады.

Осы негізге сүйене отырып, Аллаһ Елшісінің ﷺ мына хадисі түсіндіріледі: «Жәннат — қиындықтармен қоршалған, ал Тозақ — нәпсіқұмарлықтармен қоршалған». Бұл хадис — ақылдың ұнатуы немесе жек көруі туралы емес, адам табиғатының ұнатуы мен жек көруіне қатысты айтылған.

Сол сияқты, ﴾Сендерге қанша жерден ұнамаса да (Аллаһ жолында) соғысу парыз етілді﴿ («Бақара» сүресі, 216-аят) деген аят та — ақылдың емес, адам табиғатына ұнамау жөнінде. Себебі ақылдың жек көруі — бұл таңдау арқылы жек көру (ихтиярмен), ал табиғаттың жек көруі — нәпсіқұмарлыққа негізделген. Сондай-ақ, ақылдың қалауы — бұл ерікті түрде таңдау (ихтияр), ал осындай ерікті таңдау аясында ғана діннің міндеттері (такалиф) жүзеге асады.

Яғни, дін ақылдың таңдауына қарай міндеттейді, ал табиғаттың қалауы — ләззатқа ұмтылу мен зияннан қашуды ғана көздейді. Бұған дәлел ретінде мына аят айтылады: ﴾Жо-жоқ, Раббыңның атымен ант етейін! Олар өз араларында туындаған дау-дамайды (оңтайлы шешу үшін) сенің билігіңе жүгініп, әрі шығарған үкіміңе іштей де болса наразылық танытпастан (өзіңе) толық бойсұнбайынша, иман келтірмек емес﴿ («ән-Ниса» сүресі, 65-аят). Бұл аятта Аллаһу Тағала үкімге ішкі наразылық білдіргендердің иманы жоқ екенін айтқан. Яғни, міндеттілік (таклиф) пен діни жауапкершілік адамның ақылымен таңдауына байланысты. Сол себепті біз: «Аллаһ Тағаланың адам табиғатына (нәпсіге) зинет беруі (жақсы көрсетуі) — мүмкін, сол сияқты адам табиғаты бір нәрсені жек көруі де — Аллаһ тарапынан болуы мүмкін», — дейміз.

Олардың: «дүниенің сәнін (тартымдылығын) шайтан безендірді» деген сөзіне келер болсақ: Егер олар бұл сөзбен «шайтан адамдарға оны тартымды етіп көрсетіп, оған қызықтырып, шақырады» деген мағынада айтса — иә, бұл рас. Алайда, егер олар «шайтан бұл дүниені өздігінен (ішкі болмысы жағынан) тартымды, сәнді етіп жаратты» дегенді айтқысы келсе — бұл дұрыс емес.

Себебі Аллаһ Тағала шайтанды әлсіз деп сипаттап, оған мұндай күш пен құдіреттің берілмегенін білдірген. Бұған мына аят дәлел: ﴾Біліп қойыңдар, шайтанның айла-шарасы расында тым әлсіз﴿ («ән-Ниса» сүресі, 76-аят)

Егер біз шайтан дүниені адамдар үшін шынайы тартымды етіп жарата алады десек, онда оның айласы әлсіз емес, күшті болған болар еді. Бұл болса, Құрандағы сипаттауға қайшы келеді.

Бірақ шайтан адамдарға дүниеге шақыру, қызықтыру және сырттай көркем етіп көрседі. Ол адамдарға көрінбейтін жақтан әрекет етеді. Бұған дәлел — Аллаһтың мына сөзі: ﴾Ол да, тайпасы да сендер оларды көре алмайтын жерлерден бәріңді көріп тұрады﴿ («әл-Ағраф» сүресі, 27-аят). Яғни, егер дұшпан сені көріп тұрса, ал сен оны көре алмасаң – одан сақтану өте маңызды екенің көрсетеді. Бұл шайтанның әрекетінің өте елеулі екенін білдіреді.

Бұл мәселе тағы бір жағынан да қарастырылады:

  • Дүниелік нәпсіқұмарлықтар мен ләззаттар, яғни адамдардың көңілін өзіне тартатын нәрселердің барлығы Аллаһтың жаратқаны екенінде ешқандай талас жоқ.
  • Ендеше, шайтанның бұл істе атқаратыны — тек шақыру (дағуат) мен қызықтыру ғана. Ол өздігінен ештеңе жаратпайды.

Тағы бір қырынан қарағанда, егер бұл дүниелік тартымдылықтарды (зинеттілікті) Аллаһ Тағала жаратпаған десек, онда «көрінгенмен көрінбейтінді дәлелдеу» (яғни, дүниедегі нәрселер арқылы ақыретті тану) сияқты маңызды дәлелдеу жолы жойылып кетер еді.

Аллаһ бұл дүниедегі нәрселерді екі түрге бөлді:

  • Тартымды, ұнамды,
  • Жеккөрінішті, жиіркенішті.

Сөйтіп, Ол дүниедегі осындай алуан түрлі көріністерді ақыреттегі уәде етілген нығметтер мен азаптарға өлшем мен белгі ретінде қойды. Егер бұл екеуі (яғни дүниенің жақсысы мен жаманы) Аллаһтан болмаған болса — онда олардың ақыретпен салыстыруға негіз бола алмайтыны анық, өйткені салыстыру мен мысал ету тек Жаратушы тарапынан бекітілген нәрселер арқылы жүзеге асады.

Аллаһ Өзінің шексіз мейірімімен дүниедегі барлық аңсаулы, құмарлық тудыратын нәрселердің мәні мен негізін ақыретке арнап жаратты. Яғни, бұл дүниеде адамның көңілін аударатын нәрселер арқылы жәннаттағы игіліктерге қызықтырады. Сол сияқты, бұл дүниенің өткінші ләззаттарынан бас тартуға үндеу арқылы мәңгілік нығметтерге шақырады.

Ал егер осы дүниенің тартымдылығы — лағынеттелген шайтан тарапынан жасалған, оның ісі деп есептелсе, онда жоғарыда айтылғандай дүние арқылы ақыретті дәлелдеу деген ұлы қисын жойылып кетер еді. Сондықтан бұл — Аллаһ Тағаланың тарапынан жасалған зинет екендігіне дәлел болады.
Ал зұлымдық еткендердің сөздерінен Аллаһ Тағала пәк! Ол — барлық кемшіліктен жоғары!

Содан кейін Аллаһ Тағала адамдарды сынаққа салды — олардың табиғаты сүйіп тұратын нәрселерден бас тартуға шақырып, оларға кемел ақыл нәсіп етті. Сөйтіп, олар табиғат қалаған нәрсеге емес, ақыл көркем деп таныған нәрсені таңдау арқылы сынаққа түсті.

Міне, дәл осыған байланысты діндегі міндеттер (такалиф) мен Аллаһтың бұйрықтары адамдарға жүктеледі — яғни, табиғат неге тартылады дегенге емес, ақыл нені дұрыс көреді дегенге негізделіп.

Тауфиқ — Аллаһтан.

Бұл аятта аталған барлық нәрселерге қатысты — дүние-мүлікке де, сондай-ақ жылқыларға да — шариғи міндет пен ақы бар екеніне ишарат бар. Әйелдер мен ұлдарға қатысты да — адам олармен рақат тапқандықтан — оларға да нәпақа беру міндеттелген.

Ал енді Аллаһ Тағаланың: ﴾қап-қап алтын мен күміс, асыл тұқымды сәйгүліктер﴿ деген сөзіне келсек: әйелдер мен балалар үшін нәпақа беру — парыз, алтын мен күміске де зекет беру — парыз. Осыдан кейін жылқылар жайында айтылып тұр. Егер бұнда айтылған «асыл тұқымды сәйгүліктер» деген тіркесте — оларды бос күйде жайылымда ұстау мағынасы меңзелсе, онда бұл — жылқыдан да зекет беру бар екенін көрсетеді. Сондықтан Имам Ағзам Әбу Ханифа: «Жылқыдан да зекет бар» деген.

Жылқылардың сипаттарына байланысты ғалымдар арасында пікірталас болған:

  • Бір топ ғалымдар: «Олар — жайылымға жіберілген» деп түсіндірген. Бұл пікір хазірет Ибн Аббастан (Аллаһ одан разы болсын) да риуаят етілген.
  • Екінші бір топ: «Олар — арнайы үйретілген, дайындалған жылқылар» деген.
  • Тағы біреулер: «Олар — дене бітімі мықты, сәнді, жақсы бапталған жылқылар» деп айтқан.

Сосын Аллаһ бұл аятта аталған нәрселердің барлығы — ﴾Әсілі, бұлар дүние тіршілігінің (өткінші) қызығы мен бұйым-боқшасы ғана﴿ екенін хабарлайды. Сол өткінші ләззаттардан бас тартуға шақырып: ﴾Шүбәсіз, (адам жаны жай табатын) ең тамаша мекен Аллаһтың құзырында﴿ қайырлы қайтарым бар екенін уәде етеді — егер олар осы айтылған нәрселермен сыналып, оларды тәрк ете алса».