September 30

Хазіретті Әнас (Аллаһ оған разы болсын) айтты: «Бізге мұртты қысқарту, тырнақты алу, қолтық түгін жұлу және ұятты жердің түгін қыруды қырық түннен артық қалдырмау мерзімі белгіленді».

Хазіретті Әнас (Аллаһ оған разы болсын) айтты:

«Бізге мұртты қысқарту, тырнақты алу, қолтық түгін жұлу және ұятты жердің түгін қыруды қырық түннен артық қалдырмау мерзімі белгіленді».

1. Имам (әл-Музһири атымен танымал) Мухаммад ибн әл-Хусәйн әз-Зәйдәни әл-Ханафи (һ. 727 ж. қайтыс болған) «әл-Мәфәтих фи шарх әл-Мәсабих» кітабында (3218-ші) хадистің түсіндірмесінде айтты:

Бұл істердің мерзімі туралы «әл-Масабих» кітабында келмеген басқа да хадистер бар.

Ибн Омардан (Аллаһ оларға разы болсын) риуаят етіледі: Пайғамбар ﷺ әр жұма сайын тырнағын алып, мұртын қысқартатын.

Әбу Абдуллаһ әл-Ағаррдан риуаят етіледі: Пайғамбар ﷺ жұма намазына шықпас бұрын мұртын қысқартып, тырнағын алатын.

Осыған қатысты хадистердің көбінде Пайғамбардың ﷺ әр жұма сайын мұртын қысқартып, тырнағын алғаны айтылған.

Сондай-ақ: «Ұятты жердің түгін әр жиырма күн сайын қырады, ал қолтық түгін әр қырық күн сайын жұлады», — делінген. Тағы бір пікірде: «Әр ай сайын», — делінген.

«Ихия улумд-дин» кітабында: «Тырнақ алудың әдебі — қол тырнақтарын алғанда (оң қолдың) сұқ саусағынан бастап, бас бармақпен аяқтау. Ал аяқ саусақтарының тырнағын алғанда оң аяқтың шынашағынан бастап, сол аяқтың шынашағымен аяқтау», — деп айтылған (төмендегі суретте көрсетілген).

2. Ғұлама мухаддис Абдул-Хақ Сайфуд-Дин әл-Бухари әд-Дәһләуй әл-Ханафи әл-Матуриди ән-Нақшбанди өзінің әйгілі «Ләмәғату әт-Тәнқих фи шархи Мишакт әл-Масабих» кітабында (4422-ші) хадистің түсіндірмесінде айтты:

Мұны осы мерзімге дейін кешіктіру мәкруһ және осы күйде намаз оқу да мәкруһ.

Сондай-ақ: «Пайғамбар ﷺ әр жұма сайын мұртын қысқартып, тырнағын алатын, ұятты жердің түгін әр жиырма күн сайын қыратын, ал қолтық түгін әр қырық күн сайын жұлатын», — делінген.

Аллаһ дұрысын жақсырақ біледі.

Кіндіктен жоғары мүшелерде оң жақтан бастап, оң жақпен аяқтау, ал кіндіктен төмен мүшелерде оң жақтан бастап, сол жақпен аяқтау әдеп екендігі кейбір хадис түсіндірмелерінде айтылған.