«Қазақстанның басты байлығы — адамдары»
Стендап-әзілкеш Евгений Чебатков — әзіл, инвестициялар және саналы түрде тұтыну туралы
Евгений, Сіз стендаптан басқа немен шұғылданғыңыз келеді?
Мен тіршілік арқауы ретінде стендапты, рэпті, америка футболын немесе бүтіндей алғанда спортты және (күледі) сутенерлікті қарастырамын. Егер шындығын айтсам, мен жарнамада копирайтер болып жұмыс істедім, бұл маған өте ұнады. Мен, бәлкім, осы іспен шұғылдануды жалғастырған болар ма едім.
Егер менің осы өміріммен қатар тағы басқа өмірім болса, мен онда нақ кәсіпқой спортшы, нақтырақ айтсақ, хоккейші болар едім. Бұдан бөлек, мені сценарийлермен, режиссурамен байланыстының бәрі қызықтырады.
Стендап-әзілмен шұғылданатын адамның жеке басының қасиеттері қандай болуы тиіс?
Сәтсіздіктерге сабырлықпен қарап, қайтадан бастауға дайын болу, шыдау, уайымдау, әрі қарай амал жасау қажет. Ең бастысы, өзіңе-өзің: «Ал жарайды, қазір мен осы тұста сәтсіздікке ұшырадым, бірақ бұл менің жаман екенімді білдірмейді. Дәл қазір бір қателік жібердім. Келесі жолы одан да жақсырақ істеймін» деп өзіңді-өзің жігерлендіруің керек. Меніңше, бұл стендап-әзілді бизнеспен, инвестициялармен өте жақындастырады. Сахнаға шыққанда, сен әрбір болатын жағдайға бар назарыңды аударасың. Сенің әркезде аудиторияны жаулап алуың керек. Сондықтан да менің жұмысымда күйзеліске, жеңілістерге асқан сабырлықпен қарау аса маңызды.
Сіз Қазақстанда туып-өскенсіз. Стендапта Мәскеу мен Астананың арасында айырмашылық бар ма?
Біздің жанр кеңес үкіметінен кейінгі елдерде жылдам дамып келеді, әрі Мәскеу белгілі бір сәтте стендап-әзілдің орталығына айналды.
Мен Қазақстанның азаматы болғаным және біршама жақсы нәтиже көрсетіп жүргеніме мақтанамын. Бірақ мен Қазақстандағы стендап-әзілкештерде сахнада еркіндік пен саналуандылық көбірек деп есептеймін. Есесіне ресейлік әріптестердің қалжыңдар жазуда тәжірибесі мол, олар мәтінге көбірек мән береді, ал Қазақстанда — ойын түрінде өтеді. Екеуі де керемет, осы екі дүниені шебер ұштастыра білсең болғаны. Меніңше, қазақстандық стендаптың да, ресейлік стендаптың да мықты тұстары бар.
Ащы әрі кем етіп көрсететін әзіл трендінің уақыты аяқталып келе ме?
Меніңше солай сияқты. Менің стендап-әзілкештік тәжірибемнен байқағаным, өімірдің ағымы жылдам өзгереді, мәселен, жақында жақында ЧБД («Что Было Дальше»; YouTube арнасындағы танымал шоу. — Ред.) танымал шоу болса, қазір олар мүлдем шықпайды. Бұл бірнеше себептерге байланысты екені анық, агрессияға құрылған комедияның, барлық хейт-шоулар секілді танымалдық сатысы шектеулі болады. Біздің жанр белгілі бір сұраныстарға жауап беріп, аудиторияның қалыптасуына әсер етуі және оны аздап тәрбиелеуі тиіс. Стендаппен шұғылданған кезіңде, сен барлық айтылған, тіптен айтылмаған сөздеріңе жауап беруге тиіссің.
Сізде әзіл үшін тыйым салынған тақырыптар бар ма?
Әлбетте, менің сөздерімде қозғалмайтын тақырыптар бар, бірақ ол әлеуметтік шектеуден емес, менде жеткілікті сараптаманың болмауынан. Мен өзім жақсы білетін нәрсені ғана әзіліме қосқым келеді.
Сіз инвестиция жасап көрдіңіз бе?
Өзімнің аздаған тәжірибемді пайдаланып, байқап көрдім. Мәселен, мен томсктың жігіттерінің қосымшаларына қаражат салдым. Қазір бір ірі корпорация бұл әзірленімді сатып алуға қызығушылық танытып отыр. Мен, компания акцияларының 25%-ның ұстаушысы ретінде мәміле туралы шешімді асыға күтіп жүрмін. Криптовалютаға да аздап инвестиция жұмсадым.
Сіз өз қаржыңызға қалай иелік етесіз: өз бетіңізше иелік етесіз бе әлде біреуге бересіз бе?
Қазіргі таңда бұл міндетті қазірше өзім шешемін. Әзірге қаржы кеңесшісін шақыру қажеттілігі туындай қойған жоқ.
Сізде қаржылық мақсат бар ма?
Қазіргі кезде, бәлкім, жоқ шығар, мен жақында Мәскеуден пәтер сатып алдым. Егер мүмкіндік болып жатса, бірден қандай да бір бизнеске инвестиция салар едім. Түрлі қызықты жобалармен, соның ішінде Қазақстанда айналысып жүрген бірнеше серіктесім бар. Оларға қаражат салсам керемет болар едім.
Журналымыздағы тақырыптардың бірі — саналы түрде тұтыну. Сіз бұл ұғымға не қосасыз?
Жауап терминнің өзінде жатыр: өзіңе жеткілікті мөлшерде ғана пайдалан. Біздің ғаламшар үшін бақыланбайтын өндіру мен тұтынуға байланысты келеңсіз зардаптар өте көп. Бұл жағдайды өзгерту үшін өндірістік процестің өзінде де, маркетингте, сондай-ақ балалар тәрбиесінде түбегейлі өзгерістер қажет.
Батыстың бүкіл тұтыну мәдениеті жіберілген мүмкіндіктер үрейін бастырмалатуға құрылған: «Міне, жаңа өнім шықты, оны сатып алуға үлгеріп қал, әйтесе кейін кеш қаласың!» Бұл философия әлемнің көптеген түкпірлеріндегі тұтынушыларға күшті ықпал етіп, адамды мұқият ойланбаған сатып алулар жасауға мәжбүрлейді. Мен өндірістік процесті нашар білгеніммен әрі экологиялық жобалармен тек шала-шарпы таныс болсам да, бірақ, жарнамада жұмыс істеген маркетингтік білімі бар адам ретінде, мен тап осы салада белгілі бір өзгерістер жасаған болар едім. Барлығы бизнестің міндеттеріне тірелетінін түсінем, бірақ мен мәмілеге келуге болатынына сенімдімін.
Экологиялық жобаларға қатысасыз ба?
Қазақстанның ең лас қалаларының бірі - Өскеменнің тұрғыны ретінде мен үшін бұл өте өткір тақырып. Жыл сайын өзімнің кіші отаныма келген кезде, құбырдан шыққан түтінді өз көзіммен көріп, мұны қалайда түзетсек, керемет болар еді деп ойлаймын. Мен үшінші сыныптан бастап үнемі экофорумдарға және басқа да осындай іс-шараларға қатысып жүрдім. Жоғары оқу орнында қоқыс жинау тақырыбына қатысты роликтерді дыбыстадым, қазір де мұны Байқал көлінің проблемасымен шұғылданатын экологиялық ұйымға көмектесе жүріп, жасап жүрмін. Маған бұл тақырып жаныма жақын, сондықтан мен оған беріліп жұмыс жасар едім.
Сіз көп саяхаттайсыз. Сіз үшін Қазақстан басқа қалған елдерден несімен бөлектенеді?
Қазақстан әлемдегі ең жақсы ел болғанымен ерекшеленеді! Қазақстанның басты байлығы — адамдары. Одан бөлек, мұнда бірегей табиғи орындарды табуға болады. Өткен жазда мен бүкіл елді шарлап шықтым, оның қаншалықты керемет саналуан екенін сеніммен айта аламын. Менің кіші отаным – Шығыс Қазақстан ғажайып сұлу. Бұл Алтай, тау өзендері, ормандар. Оңтүстік Қазақстан — бұл Ортаазиялық бөлік, ерекше әлем. Батыс Қазақстан шөлейт даламен, түйелермен бөлектенеді. Солтүстік Қазақстан — бұл мүлдем басқа жағдай. Бурабайға келіңіз, осының бәріне сонда көз жеткізесіз!
Мен көпұлтты елде туып-өскеніме бақыттымын, мұнда барлық конфессиялар, наным-сенімдер өкілдерін кездестіруге болады. Мен Қазақстанды қатты сағынам, сондықтан, Мәскеуде тұрып, жұмыс істесем де, осында жиі келіп тұрамын.
Өзіңіздің шығармашылық жоспарларыңыз бен таяудағы жобаларыңыз туралы айтып беріңізші.
Біз «Түнгі хикаялар» жобасының екінші маусымын дайындап жатырмыз, бірнеше шығарымын түсіріп қойдық. Бұл қалжыңды араластыра отырып, әлемнің түрлі елдерінің ертегілерін ASMR-оқу*. Әр салада жұмыс істейтін адамдар қазір сондай күйзеліс жағдайында өмір сүріп, еңбек етіп жүрген сияқты, сондықтан мен ертегілерді ақырын оқудың өте жеңіл және ұғынықты түрі біреулерге көмектесе алатынына сенемін.
*ASMR — бейнероликтерде есту және көру органдарын ынтыландыра отырып, жасалатын релаксация әсері