«Рок-н-ролл — бұл бизнес емес, өмір салты»
Jyrki69 псевдонимімен танымал, The 69 Eyes фин готик-рок тобының солисі Юрки Линнанкиви — өзінің шығармашылығы және ақшаға көзқарасы жайлы
The 69 Eyes музыкалық стилін «гот-н-ролл» деп сипаттауға болады. Сізді готика, вампиризм, мистицизм және қорқынышты фильмдерде не қызықтырады?
Мұны түсіндіру қиын, бірақ рок-н-ролл сізді басқа әуендерге қарағанда, өзіңізді басқаша сезінуге мәжбүр етеді. Кейде бұл әлдебір тылсым сезім сияқты көрінеді. Сіз жаңа ғана атап өткен элементтер - готика, вампиризм және басқалары - сондай-ақ осындай эмоцияларды тудыруы мүмкін. The 69 Eyes тобы бұл элементтерді рок-н-роллмен, ән мәтіндерімен, әуендермен және жалпы түрде үйлестіреді. Бұл ымырттағы кешке ұқсайды!
Көптеген атақты готикалық рок және матал топтарының туған жері Финляндия болып келеді: The 69 Eyes, HIM, Sentenced және басқалары. Қалай ойлайсыз, неге осылай болды?
Біздің еліміз Шығыс пен Батыстың арасында орналасқан. Біз шығыстың мұңды-әуезді әуендері мен батыстың рок ырғақтарының қалай дыбысталатынын білеміз, сондықтан Финляндияның топтары оларды өз музыкаларында біріктіре алады.
The 69 Eyes -тің қандай альбомын тыңдауды ұсынар едіңіз және не себептен?
Мен ең танымал композициямыз Lost Boys кірген 2004 жылғы Devils альбомынан бастауды ұсынар едім. Оның үстіне, бұл біздің ең табысты альбомымыз және менің ойымша ол да менің ең сүйікті альбомым. Оны жасаған кезде мен шығармашылықтың шыңында болдым және нәтижесін мақтан тұтамын.
Сіз бүкіл шығармашылық мансабыңыз бойы сіз өзіңіздің музыкалық стиліңізге адал болдыңыз. Бірақ сіздің жеке альбомыңыз American Vampire (2021) басқаша естіледі. Ол көбінесе эксперименталды болып келеді. Неге солай екен?
Жеке альбомымда жаңа дыбысты байқап көргім келді, сондықтан әр әнді жазуға әр түрлі музыканттар қатысты. Біздің топқа қарағанда заманауи әуендер пайда болды.
The 69 Eyes тобының құрамы 30 жыл бойы өзгерген жоқ. Сіздердің осыншама уақыт бірге болуларыңыздың сыры неде?
Шындығында, оның нақты бір анықтамасы жоқ. Біз жай ғана бірге жұмыс істегенді ұнатамыз. Бізді вампирлер деп атайды...
Осы көктемде сіз жаңа Death of Darkness альбомыңызды қолдау үшін АҚШ-та үлкен гастрольге шығасыз. Осы турдан не күтесіз?
Біз өзіміздің американдық жанкүйерлеріміз үшін ойнайтын боламыз. Концерттерімізге адамдарды жинауды ұнатамыз, әрине, біз үшін ондай сәттер қайталанбас сәттер.
Топтың әлеуметтік желілерінде белгілі композитор Дайан Уорренмен ынтымақтастығыңыз туралы ақпарат пайда болды. Сіз онымен қалай танысқаныңызды және бірлескен жоспарларыңыз бар ма, сол туралы әңгімелеп бере аласыз ба?
Екі жыл бұрын мен Лос-Анджелестегі Беверли-Хиллз қаласында Дайан Уорренмен кездейсоқ жолығып қалдым. Мен одан The 69 Eyes үшін ән жаза аласыз ба деп сұрадым. Менің бір таң қалғаным, онда бізге арналған дайын композиция - Fade To Grey болды. Бұл біздің жаңа сингліміз және біз оны алдағы концерттерде міндетті түрде орындаймыз!
Сіздің алғашқы қомақты табысыңыз қандай болды, әрі сіз оны қайда жұмсадыңыз?
Мен шынымен де «қомақты табыс» деген не екенін білмеймін, ешқашан көп ақша тапқан емеспін. Ақша мені қызықтырмайды. Мен топпен бірге болуды, әлем бойынша саяхаттауды және тамаша адамдарды жолықтыруды ұнатамын. Рок-н-ролл — бизнес емес, ол біздің өмір салтымыз. Біз — суретшілерміз.