Қалдық та - табыс көзі
Қоқысты қайта өңдеуден қалай ақша табуға болады
Әлемдік экономиканың қоқыс үйіндісіне жұмыс істейтіні таңқаларлық жағдай, бірақ факт. Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (FAO) бағалауынша, COVID-19 індетіне дейін жыл сайын әлемде өндірілген тағам өнімдерінің үштен бірі, не 1,6 млрд тоннасы мақсатына пайдаланылмаған және тасталған. Тұтынушылардың ысырапшылдығынан экономикалық шығындар $750 млрд-қа бағаланады.
Артық өндіру, қоймаларды тиімсіз басқару және сұраныс пен ұсыныстың қате бағалаулары бұл проблеманы тереңдетеді, алайда басты кінә сатып алуларды ұтымсыз жоспарлайтын үй шаруашылықтарында жатыр.
Жаһандық проблема
Табыс деңгейі жоғары өнеркәсібі дамыған мемлекеттер салыстырмалы түрде бай емес елдерге қарағанда айтарлықтай шығын шегуде. Солтүстік Америкада және Океанияда өндірілетін өнімдердің 40%-ы ешқашан тұтынылмайды. АҚШ кез келген басқа елге қарағанда тамақты көп тастайды: мұнда бір адамға жылына 99 кг қалдықтан немесе әр отбасына орта есеппен $1,5 мыңнан келеді.
Кәдеге жаратудың басты проблемасы қалдықтың 50%-дан астамы көму үшін полигондарға шығарылатынында. Бұл ретте қайта өңдеуден өтпеген тағам қалдықтарының үлесіне парниктік газдардың жаһандық шығарындыларының 10%-ы тиесілі. Бұл СО2 әлемдік көлеміндегі автомобиль көлігінің үлесімен тепе-тең және авиация саласының көмірсутек ізінен төрт есе асып түседі. Егер тағам қалдықтарының үйінділері бөлек мемлекет болса, онда әлемде АҚШ пен Қытайдан кейінгі көмір қышқыл газының үшінші ірі өндірушісіне айналар ма еді. Заманауи экономииканың негізгі бөлігі желілі: тауарлар «тал бесіктен жер бесікке дейінгі» жолдан өтеді. Өз кезегінде тұйық циклды және шикізатты көп мәрте пайдалану экономикасы қалдықтар өндірісін 80%-ға дейін азайтуға мүмкіндік береді. Project Drawdown зерттеуінің деректеріне қарағанда, азық-түлік қалдығы көлемдерін қысқарту жаһандық жылынумен күресте тропикалық ормандарды қалпына келтіруден, аса таза энергия көздеріне көшуден және басқа шаралардан гөрі елеулі нәтиже береді. Бұл қалдықтарды басқару технологияларына ықыласты арттырады, оларды дамыту пайдалы бизнес бағытқа және тиімді инвестицияға айналады.
Қоқыс үйіндісінің патшалары
2021 жылы қалдықтарды қайта өңдеудің әлемдік нарығының жиынтық түсімі $58 млрд-қа бағаланды және болжамдар бойынша 8,5% жылдық орташа өсу қарқынымен 2030 жылға қарай $124,3 млрд-қа жетеді. Өз кезегінде тағам қалдықтарын басқару нарығының көлемі 6,6% жылдық орташа өсу перспективасымен $36,63 млрд-қа бағаланды. Тек АҚШ-та 2019-2021 жылдары Food Waste Tech-қа жекеменшік инвестициялар көлемі екі есе артып, рекордтық $1,9 млрд-қа жетті, ал соңғы он жылда индустрия $7,2 млрд инвестиция алды.
Жоғары технологиялы қалдықты қайта өңдеу индустриясының дамуы табыстары Starbucks-тың айналымына тепе-тең алыптардың пайда болуына әкелді. Капиталдандыру және түсім бойынша ірі қалдықты жинау, кәдеге жарату және қайта өңдеу жөніндегі америкалық оператор Waste Management (WM) 2022 жылдың ортасына қарай $19 млрд түсім тапты, ал оның соңғы бір жыл ішіндегі пайдасы 24%-ға, $2,1 млрд-қа дейін артқан. Компания 147 орталыққа иелік етеді, олардың қатарына анаэробты қайта өңдеуге арналған төрт қондырғы кіреді. Оттегінің қатысуынсыз ашыту технологиясы бактерияларды қалдықтарды биогазға және тыңайтқыштарға айналдыру үшін пайдалануға негізделген. Алынатын газ әдетте, 60%-ы метаннан және 40%-ы СО2-ден құралады, ол арнайы екі қондырғыда жағылып, екі түрлі: электр және термалды энергия алынады. Waste Management-тің бағалуынша, қайта өңделген тағам қалдықтарының әр тоннасы 690 кВт•сағ дейін жасыл электр энергиясын береді және бір тәулікке сегізден он отбасына дейін не болмаса бір адамды бір айға дейін қамтамасыз ете алады. Бұл нишада АҚШ-та 70 қайта өңдеу заводын басқаратын Republic Services (RSG) та бар. Соңғы 12 айда компания пайдасын 24%-ға, $1,34 млрд-қа дейін ұлғайтты.
Қоқысқа жұмсалған ақша
Қоқыс үйіндісі — бұл бизнестің классикалық түрлері үшін қазба байлық қана емес, сонымен бірге қалдықтарды қайта өңдеу проблемасын шешу жөнінде алдына нақты мақсатын қойған жаңа жобалардың клондайкы.
Айталық, канадалық биотехнологиялық стартап Genecis Bioindustries органикалық қалдықтарды биополимерлерге түрлендіре отырып, биоыдырайтын пластик пен тыңайтқыштар өндіреді. Биопластик бактериялардың екі тобын қолдану есебінен алынады: біріншісі тағам қалдықтарын май қышқылдарына сіңіреді, ал екіншісі майларды жеп, оларды биополимерлерге айналдырады. Әдетте, биопластикті өндіру жоғары шығындармен ұштасады, бірақ, қалдықтарды шикізат ретінде пайдалана отырып, Genecis шығындарды 40%-ға дейін үнемдейді, бұл ретте СО2 шығарындыларын 80%-ға қысқартады. Биопластик мұхитқа түскенде бір жыл ішінде ыдырайды.
Сингапурлық Crust Group жобасы қоғамдық тамақтандыру кәсіпорындарымен және ретейлермен ынтымақтастық орнатып, сатылмаған нан мен жемістерді сыраға және газдалған сусындарға қайта өңдейді. Компанияның жылдық түсімі $2,6 млн-ға жетті. Crust өзінің бағалауынша, өз тарихында ол 2,5 мың тонна тағам қалдықтарын қайта өңдеп, 42 мың литр сусындар өндірген және СО2 шығарындыларын 3,8 тоннаға қысқартқан.
Нидерландтың стартапы Upprinting Food 3D-баспаның көмегімен снектер жасау үшін сатылмаған, тұтынуға жарамды мейрамхана әзірленімдерін пайдаланудың схемасын ойлап тапты. Ингредиенттер үгітіліп, шөптермен және дәмдеуіштермен араластырылады, алынған «сиялармен» қажетті пішіндегі снектерді басып шығару үшін 3D-принтерді толтырады. Процесс бактериялардың көбеюін болдырмау үшін міндетті түрде пісіруді қажет етеді, бұл өнімнің сақтау мерзімін ұлғайтады.
Жер бетіндегі халық санының белсенді өсуінен қалдықтар көлемінің ұлғаюы жалғасуда. Оның салдары ретінде қалдықты қайта өңдеу технологиясын дамытып, азық-түлік тауарларының жарамдылық мерзімін ұзарту ғана емес, сондай-ақ, тағам өнімдерінің бөлінуін талдау мен оңтайландыру үшін бағдарламалық жасақтама әзірлеу қажет. Калифорниялық Apeel Science сақтау мерзімін екі-үш есе ұзартатын жемістер мен көкөністерге арналған қаптама өндіреді. Компания өсімдіктен алынған материалдардан жасалған жамылғы өндіреді. Олардың иісі, түсі мен дәмі болмайды әрі жемістің ішіне ылғалды ұстай отырып, оттегін өткізбейді. Apeel жамылғысы бар өнімдер АҚШ-тағы, Германиядағы, Даниядағы және Швейцариядағы бөлшек сауда желілерінде сатылады, ал стартаптың бағалау құны $1 млрд-тан асып жығылып, оған «жалғыз өндіруші» мәртебесін қамтамасыз етті.
Afresh Technologies Inc. ретейлерге жасанды интеллектінің негізінде сатылымдарды қадағалауға, тұтынушы сұранысын болжамдауға және жаңа шығарылған өнімдерді сатып алуды оңтайландыруға мүмкіндік беретін бағдарламалық жасақтаманы ұсынады. Бұл софтты пайдалану азық-түлік қалдықтарының көлемін 25%-ға қысқартып, маржиналдылықты 40%-ға арттыруға жәрдемдеседі. Afresh платформасы 40 штаттағы үш мыңнан астам дүкенде қолданылады. Ағымдағы жылдың соңына дейін компания өзінің БЖ-сын әрбір оныншы американ дүкеніне жеткізуді жоспарлап отыр.
Айналаға адамдар жауапты
Тұйықталған циклды экономика аса перспективалық бағыттардың бірі бола отырып, белсенді дамиды. Бірақ ғалымдар мен стартаптар өндіру мен тұтынудың салдарын барынша азайту үшін шешімдер енгізгенге дейін ресурстарды ұтымды пайдалану үшін жауапкершілік бұрынғысынша біздің әрқайсымыздың мойнымызда болады.