Құрандағы әнбиялардың мұғжизалары нені мегзейді?
Құранда әнбиялардың рухани кемелдігін айтып адамзаттың оларды үлгі тұтуларын баяндай келіп, мұғжизалары туралы айтады. Осылайша мұғжизалардың ұқсасына қол жеткізуге, көшіруге ынталандырғандай. Тіпті, рухани кемелдік сияқты заттай кемелдік пен техника, ғылым жаңалықтары да адамзатқа әу баста мұғжиза арқылы сыйланған деп айтуға болады. Расында Хазіреті Нұхтың (ғ.с.) мұғжизасы – кеме, Жүсіптің (ғ.с.) мұғжизасы – сағат болса, осыларды ең алғаш адамзатқа сыйлық еткен олардың мұғжизалары. Бұл ақиқатқа тамаша бір ишара: Өнер адамдарының көпшілігі әрқайсысы өз саласында бір пайғамбарды пір тұтады. Мысалы, кеме жасаушылар Нұх пайғамбарды (ғ.с.), сағатшылар Жүсіп пайғамбарды (ғ.с.), тігіншілер Ыдырыс пайғамбарды (ғ.с.). Зерттеуші ғұламалар мен шешендік ілімінің мамандары Құранның әрбір аятының көптеген тәрбиелік жақтары және бірнеше хидает жолдары бар екенін бір ауыздан мақұлдаған. Олай болса, Құран Кәрімнің өте жарқын аяттары болып саналатын әнбиялардың мұғжизалары туралы аяттары жай тарихи хикаялар емес. Олардың тереңінде тәрбиелік маңызы зор мағыналар жатыр. Рас, Әнбиялардың мұғжизаларын баяндағанда ғылым мен өнердің шыңырау шегі, ең соңғы барар тұсы, ең басты мақсаттары көрсетіледі. Адамзатқа құлшыныс беріп әлгі биік мақсаттарға жетелейді. Өткен шақ – болашақ тұқымдарының қоймасы, атқарылар істердің айнасы. Сондай-ақ, болашақ дегеніміз өткен шақтың егістігі, оның хал-ахуалын көрсететін айна.
Енді, мысал ретінде осы бір арнасы кең бұлақтан тек бірнешеуін баяндаймыз. Мысалы: Хазіреті Сүлеймен пайғамбардың бір мұғжизасы болып табылатын ауаның бағындырылуын баяндайтын
وَلِسُلَيْمٰنَ الرِّيحَ غُدُوُّهَا شَهْرٌ وَرَوَاحُهَا شَهْرٌ
(Сәбә', 34: 12-Сүлеймен (Ғ.С.) ге де ерте кетуі бір айлық, кешке қайтуы бір айлық (жол алатын) желдерді бағындырдық. Ол үшін еріген мыстан бұлақ ағыздық. Я, Раббының бұйрығымен оның алдында жұмыс істейтін жындарды да бағындырдық. Олардан кім әмірімізден тайса, оған жалындаған азаптан таттырамыз.)
аяты, Хазіреті Сүлеймен (ғ.с.) аспанда ұшып екі айлық жолды бір күнде жүріп өткен дейді. Міне, мұнда бір ишара бар. Адамзатқа ауада осылай жылдам ұшуға жол ашық екенін ұзақ жолды қысқарту мүмкін екенін айтып: "Олай болса Уа, адам! Саған жол ашық. Жоғары өрлеп, сол мәртебеге жет, не болмаса жақында!" – дейді. Аллаh Тағала, осы аят арқылы мынадай мағынаны білдіреді: Уа, адам! Бір құлым нәпсінің әуестігін тастап еді, сол үшін мен оны ауаға мінгіздім. Сендер де нәпсінің жалқаулығын тастап, әдет еткен кейбір заңдарымнан жақсылап пайдалансаңдар сендер де ауаға міне аласыңдар.
Тағы да мысал, Хазіреті Сүлеймен Ғалейhиссалам Бәлқис тағын қасына әкелу жайында уәзірлерінен ілімі терең біреу оған былай дейді: "Оның тағы көзіңізді ашып-жұмғанша қасыңызда дайын тұрады". Осы таңғажайып оқиғаны баяндайтын мына аят
قَالَ الَّذِى عِنْدَهُ عِلْمٌ مِنَ الْكِتَابِ اَنَا اٰتِيكَ بِهِ قَبْلَ اَنْ يَرْتَدَّ اِلَيْكَ طَرْفُكَ فَلَمَّا رَاٰهُ مُسْتَقِرًّا عِنْدَهُ
(Нәмл, 27: 40-Сондай өзі кітап ғылымына ие біреу де: “Оны кірпік қағуыңнан бұрын келтіремін” деді.)
былайша ишара етеді: Алыс жерлерден заттарды қаз-қалпында немесе суретін көшіру мүмкін, әрі болған-ды. Өйткені, пайғамбарлықпен қоса билік те берілген. Хазіреті Сүлеймен Ғалейhиссалам әрі бейкүнәлығын, әрі әділдігін сақтап қалуы үшін ұлан-ғайыр мемлекетінің әр тарапынан еш қиындықсыз өзі хабардар болуды, халқының хал-ахуалын көруді, олардың дерттерін естуді Аллаh Тағала мұғжиза түрінде оған сыйлаған-ды. Демек, Сүлеймен Пайғамбар Аллаh Тағалаға сеніп, адалдық дейтін тілімен сұраған болса, сендер де қабілет тілімен Аллаhтан сұрасаңдар және әдет қылған заңына, қамқорлығына сәйкес әрекет етсе, дүние бір қала секілді алақаныңда дайын тұрады. Демек, Бәлқистің тағы Иеменде бола тұра, Шамда дәл өзі немесе суреті көрінді. Әлбетте, тақтың айналасындағы адамдардың суретімен қоса, дауыстары да естіліпті. Міне, осылайша алыс жердегі сурет пен дауыстың тартып алынатынына, көшірілуіне керемет түрде ишара етіп, мынаны мегзейді:
Уа, билік ұстағандар! Толық әділдік еткілерің келсе, Сүлеймен секілді жер жүзін жан-жақты көруге, аңғаруға тырысыңдар. Өйткені, әділетке жаны құмар әкім, халқына жанашыр бір патша, мемлекетінің әр тарапына қалаған уақытында шығып, хабардар болатын дәрежеге шыққанда жауапкершілігі де жеңілдейді және толық әділдік жасай алады.
Аллаh Тағала осы аяттың ишара тілімен былай дейді: Уа, Адам баласы! Бір құлыма алаңы кең бір мүлік және сол кең алаңда толық әділдік етуі үшін жер бетінің жағдайын, ондағы болып жатқан оқиғалардан хабардар етіп отырдым. Және әрбір адамға Жер жүзінің халифасы бола алатын қабілет бердім. Әлбетте, сол қабілетке орай Жер жүзін жаппай көретін, қарайтын, аңғаратын қабілетті беруді хикметім талап еткендіктен берген едім. Жеке тұлғалар ол дәрежеге қолы жетпесе де, адамзат болып жетуі мүмкін. Заттай қол жеткізбесе де, әулиелер сияқты рухани түрде жетуге болады. Олай болса, мұндай зор нығметтен пайдаланып қалыңдар. Қане, көрейін сендерді. Құлшылық міндеттеріңді ұмытпау шартымен еңбектеніңдер. Сөйтіп, жер жүзін жан-жақты әркімге көрінетін, барлық жағындағы дауыстар естілетін бір бау-бақшаға айналдырыңдар.
Міне, адамзаттың өнерінің керемет бір түрі сурет пен дауысты тасу, айнытпай көшіру жетістігінің ең биік шыңына астарлы түрде ишара етіп, оған құлшынуды мегзейді.
Хазіреті Сүлеймен Ғалейhиссалам жын мен шайтандарды, жаман рухтарды бағындырып, оларды жамандықтан тыйып, пайдалы істерге жұмсау мағынасын білдіретін مُقَرَّنِينَ فِى اْلاَصْفَادِ (Сад, 38: 38-Ал басқа біреулері шынжырларда матаулы еді.)– илә ахир – وَمِنَ الشَّيَاطِينِ مَنْ يَغُوصُونَ لَهُ وَيَعْمَلُونَ عَمَلاً دُونَ ذٰلِكَ (Әнбия, 21: 82-Оған суға сүңгитін, басқа істер де істейтін жындардан да мойынсал қылдық. Сондай-ақ олардың бақылаушысы едік.) – илә ахир – аяты арқылы былай дейді: Адамдардан кейін тіріліктің саналы мақұлықтары, маңызы зор тұрғындары саналатын жындар, адам баласына қызметші болуы мүмкін. Олармен байланыс құруға болады. Шайтандар да дұшпандығын қоюға мәжбүр болып, еріксіз қызмет етуі мүмкін. Қалай десеңіз, Аллаh Тағала өзінің әміріне мойынсұнған бір құлына оларды мойынсұндырған-ды. Аяттың астарлы сөзінен мұндай мағына шығаруға болады:
"Уа, Адам! Маған мойынсұнған бір құлыма жын-шайтандарды және зиянкес мақұлықтарды бағындырып бердім. Сен де менің әміріме мойынсұнсаң, көптеген нәрселер, тіпті жын-шайтандардың өзі қызмет етуі мүмкін".
Міне, адамдардың ғылым мен өнері бірлесіп, тән мен жанның керемет сезімталдығынан туындаған спиритизм секілді рухтарды шақыру, жындармен хабарласудың ең соңғы шегін осы аят сызып көрсетіп оның пайдалы жақтарын айтып, оған жол ашуда. Алайда, кейінгі кездегідей өлген кісінің атын жамылып, оның рухымын дейтін жын, шайтандарға, жаман рухтарға мойынсұнып, оларға масқара болып, ойыншық болу емес, қайта Құранның тылсым сырларымен оларды бағындыру, залалдарынан сақтану ескертілуде.
Сондай-ақ, рухтардың белгілі бір бейнеге енуіне ишара ететін Хазіреті Сүлеймен ғалейhиссаламның ифриттерді яғни алып жындарды өзіне бағындыруы туралы айтатын аяттар, hәм, فَاَرْسَلْنَۤا اِلَيْهَا رُوحَنَا فَتَمَثَّلَ لَهَا بَشَرًا سَوِيًّا (Мәриям, 19: 17-Сондай-ақ оған рухымызды (Жебірейілді) жібердік те ол, оған толық адам бейнесінде көрінді.)
секілді кейбір аяттар руханилердің бейнеге енуіне ишара етіп қана қоймай, оларды шақыруға болатынын мегзейді. Бірақ, ишара етілген мағына жақсы рухтарды шақыру. Әйтпесе "мәдениетшілердің" көңіл көтеру үшін кейбір ойындарға әлгі салмақты да маңызды және пәк әлемде өмір сүретін рухтарды шақыру, қадірін түсіріп, ойыншыққа айналдыру үшін шақыру дұрыс емес. Керісінше маңызды мәселе үшін байыпты түрде мәселен, Мухиддин Араби секілді, яғни қалаған уақытта рухтармен кез десетін әулиелер секілді олармен тартылысқа түсіп, байланыс құру және олардың орнына ғайып әлемдерге аз да болса жақындап, рухани жақтарынан пайдалану, міне аяттар осыны мегзеп, ишара арқылы бір құлшыныс бергендей. Осылайша, Құран мұндай өнер мен жасырын ілімнің сырларын ашып ең биік шыңына шығуға ишара етіп, ең тиімді де жағымды жақтарын көрсетеді.
Сөздер-274 бет