Тыйым салынған трейдинг
Ең әйгілі инсайдерлер мен биржа айлакерлерін әшкерелейміз
Инсайдерлік ақпарат деп биржадағы қаржылық құралдардың құнына айтарлықтай әсер ететін көпшілік үшін қолжетімсіз ішкі корпоративтік мәліметтерді атаймыз.
Инсайдтың негізінде мәмілелер көптеген елдерде заңсыз. Құрама Штаттарында олармен аса белсенді түрде күреседі, мұнда соңғы онжылдықтар ішінде осындай жүздеген соттар болды. Инсайдерлік сауда үшін қылмыстық жауапкершілікті АҚШ заңнаамсы 1934 жылдан бері қарастырады. Мұндай асыра пайдалануды Бағалы қағаздар және биржалар жөніндегі комиссия (SEC) анықтауға уәкілетті.
Бастапқыда америкалық реттеуші инсайдерлік сауда туралы ақпарат үшін сыйақы төлеп жүрді, ал 1980-жылдары күмәнді мәмілелерді қадағалайтын автоматтандырылған жүйе іске қосылды.
АҚШ-та жыл сайын 50-ге жуық осындай қылмыстық іс қозғалады, бұзушылар үшін бас бостандығынан айырудың ең көп мерзімі 20 жылға жетеді. UTS биз нес мектебінің мәліметінше, инсайд факторы әр бесінші қосылу және қосып алу мәмілелерінде кездеседі және тоқсандық есептеменің әр жиырмасыншы жарияланымының қарсаңында тіркеледі. Қаржы профессоры Талис Путнинстің бағалауынша, мұндай құқық бұзушылық дерегін анықтаудың ықтималдығы 15%-ға жуықты құрайды.
Биржадағы сауда-саттықтардың күнделікті мониторингіне және инсайдерлер үшін қатаң жазаға қарамастан, заңсыз сауда тәжірибелерін қолдану жағдайлары БАҚ-та жүйелі қылаң беріп қалуда. Әрі қарай біз АҚШ-та және басқа елдерде ең әйгілі әшкерелеулерді қарастырамыз.
Иван Боски
Ресей эмигрантының ұлы 1975 жылы ашылған меншігіндегі Ivan Boesky and Company төрелік қорында операциялар үшін инсайдтарды белсенді пайдаланды. Биржа пысықайы түрлі тәсілдермен бұл мәліметтер жарияланғанға және оларды менеджмент растағанға дейін компаниялардың қосылулары мен қосып алулары туралы ақпаратты алып, акцияларды сатып алды, содан кейін, ресми баспасөз релиздерінен кейін, қағаздардың құны айтарлықтай өскен кезде сатып алған активтерін өте тиімді бағамен сатып отырды. Бұл ретте Боски кейде қарыз қаражаттарды саудалады, ол кезде ондай болмаған.
Инсайдер Golf мұнай компаниясын Chevron энергетикалық холдингі сатып алғанда және Getty-ді бәсекелес Texaco компаниясы қосып алған кезде $65 млн пайда табуға мүмкіндік алды. Ол Philip Morris компаниясы General Foods-ты сатып алардың алдында оның акцияларын сатып алудан тағы $50 млн алды. 1980-жылдардың ортасында M&A мәмілелерін күмәнді түрде дәл «болжаған» Иванның қызметіне SEC ден қойды, 1986 жылы оның қулық-сұмдығы ашылды. Келешектегі корпоративтік оқиғалар туралы ақпаратты оған америкалық аса ірі инвестбанктердің бірі Drexel Burnham Lambert-тің директоры хабарлап отырған.
Өзінің жазасын жеңілдету үшін Иван Боски тергеумен мәмілеге барды, оның нәтижесінде тағы да 14 трейдер тұтқындалды.
Нәтижесінде Боскиге $100 млн-ға айыппұл салынып, үш жылға түрмеге қамалды. Шындығында, жақсы мінез-құлқы үшін мерзімінен бұрын босатылды, бірақ қор биржасында сауда жасауға өмір бойына тыйым салынды.
Ёсиаки Мураками
Жапонияда инсайдерлік ақпарат үшін орасан айыппұлды 2007 жылы белсенді инвестор Ёсиаки Мураками арқалады (олардың ішіндегі ең әйгілілері туралы толығырақ 12-13 беттерден оқыңыз). Оны 1,15 млрд жапон иенін (¥) төлеуге міндеттеп, екі жылға қамауға алынды. Сот Муракамиге тиесілі қор Livedoor стартапының Nippon Broadcasting System радиостанциясының акциялар пакетін сатып алу жоспарлары туралы ақпаратты пайдаланып, ¥ 3 млрд-тан ($25,9 млн) астам пайда тапқанын анықтады.
Радж Раджаратнам
Басқаруында $7 млрд бар Galleon Group хедж қоры-ның негізін қалаушы 2009 жылы тұтқындалды. Ол 11 жылға түрмеге жабылуға және $10 млн айыппұл төлеуге кесілді. Қордың стратегиясы Уолл-стриттің талдаушылардың консенсус-болжамдарынан шындап алшақтаған ақпарат іздеуде болды. Радждың дереккөзі болып үндіден шыққан менеджерлер тобы танылды, олардың ішінде Intel қызметкері, аутсорсинг компаниясының мүшесі және Кремний алқабынан жартылай өткізгіштер өндірушінің атқарушы директоры болды.
Barclays
Банктің трейдерлері Forex-те валюталар бағамдарын басқаруда тұтылды. Британиялық Қаржы реттеу және қадағалау басқармасы (FCA) сотта заңсыз операциялардың 2008-2013 жылдары жүргізілгенін және банкке көп көлемде пайда әкелгенін дәлелдеп берді. Сот талқылауының нәтижесінде 2015 жылы Barclays FCA тарихындағы ең ірі айыппұл — £284,432 млн арқалады.
Мэтью Мартома
SAC Capital Advisors хедж қорының бұрынғы трейдерін 2014 жылғы қыркүйекте АҚШ-та аса ауқымды инсайдерлік сауда схемаларына қатысқаны үшін тоғыз жылға қамауға үкім етілді. Сот оның әріптестерімен бірге айла-шарғыларда $275 млн пайда тапқанын дәлелдеп берді. Шындығында, Мартоманың өзі бонустармен тек $9,4 млн алған.
Athena Capital Research
2014 жылы SEC тарихында алғаш рет нарықты басқару үшін жоғары жиілікті сауданы пайдалану туралы істі тергеуді бастады. Реттеушінің нысанасына Athena Capital Research брокері ілікті. Тергеу барысында 2009 жылы жарты жыл бойына әр жұмыс күні NASDAQ-та сауда сессиясы жабылардан екі секунд бұрын компания биржада жасанды өтімділікті жасайтын мәмілелер топтамасын жиі жүргізіп, бағаны Athena Capital Research-қа пайдалы жаққа қарай бұрғаны анықталды.
Сот 2015 жылы аяқталды. Компания өз кінәсін мойындамады, бірақ $1 млн төлеуге мәжбүр болды.
Xiamen Beibadao Group
Тарихта Қытай Бағалы қағаздар нарығын реттеу жөніндегі комиссиясы (CSRC) жазып берген ең ірі айыппұл $870 млн-ды құрады. Ол Аспан асты елдің Xiamen Beibadao Group логистикалық компаниясының нарықта банктер мен қытай кәсіпорындары акцияларының баға белгіленімдерін басқару есебінен алған пайдасынан алты есе асып түсті. Сот 2018 жылы болды.
Артем Люлинский
Ресейдің инсайд және нарықты басқару саласындағы заңнамасы әзірге қалыптасу барысында, сауда қағидаларын бұзушыларды бас бостандығынан айыру түріндегі жазалау оқиғалары саусақпен санарлықтай. Инсайдерлерге қарсы сот процестері негізінен шағын айыппұлдармен аяқталады.
Нарықты басқарғаны үшін айыптыны темір тордың ар жағына жіберген алғашқы үкім тек 2019 жылы шығарылды. «Ак Барс» банкінің бұрынғы трейдері Артем Люлинскийге екі жарым жылға бас бостандығынан айыруға үкім кесіліп, оған үш жылға бағалы қағаздарды сатуға тыйым салынды, банктің азаматтық талап арызы бойынша 75 млн рубльге айыппұл арқалады.
Айыптау 2011 және 2016 жылдар аралығында Люлинскийдің банктегі жұмысшы брокерлік шотты оның акцияларының баға белгіленімдерін басқару үшін пайдаланғанын, соның салдарынан ұйымға едәуір залал келтірілгенін дәлелдеді.